ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ресми мүшесі болды
Антальяда (Түркия) Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған VI Этноспорт форумы барысында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов этноспортты халықаралық стандарттарға сай дамыту тәсілдерін жүйелеуге қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген қауымдастық басшысы Исламбек Салжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда ұлттық спортты жүйелі дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Ұлттық спортпен айналысатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді.
«Қазіргі таңда Қауымдастыққа кіретін республикалық федерациялардың жартысы халықаралық мәртебе алды, кейбірі бұрыннан бар халықаралық ұйымдардың құрамына енді. Олардың қатарында аударыспақ, көкпар, құсбегілік, жамбы ату, тоғызқұмалақ федерациялары бар. Бұл Қазақстанда ұлттық спорт түрлері дамудың жаңа деңгейіне қадам басып, күн өткен сайын танымал болып келе жатқанын айғақтайды», — деді Исламбек Салжанов.
Халықаралық этноспорт форумы барысында Ұлттық спорт қауымдастығы этноспортты дамытуға қатысты барлық регламент пен рәсімдердің халықаралық стандарттарға сай болуы үшін бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі спорттық бағдарламасын біріздендіру, халықаралық жарыстардың бірыңғай күнтізбелік жоспарын жасау, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясымен бірлесіп алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрешілік ету сапасын арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастыру және т.б. бар.
Этноспорт саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Неджметтин Билал Ердоған Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановқа ресми мүшелік туралы сертификатты табыс етіп, этноспортты одан әрі жаһандық деңгейде дамытуға және біріктіруге сөзсіз серпін беретін алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуде сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Форум барысында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы мен дәстүрлі спорт түрлерінің ұлттық қауымдастықтары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Оның мақсаты — халықаралық жарыстарды өткізу кезінде жаһандық эталон ретінде қызмет ететін дәстүрлі спорт түрлері мен ойындары үшін конфедерацияның бірыңғай ережелерін әзірлеу.
60-тан астам елден келген халықаралық қатысушылар үшін алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды.
Форум соңында дәстүрлі спорт саласындағы 5-ші халықаралық сыйлық табыс етілді. Аталаған сыйлықты елімізден академиялық санатта – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының профессоры Елемес Әлімханов алса, спорт санатында – қазақ күресінен спортшы Зарина Сарипова марапатталды.