Astana Opera опера академиясының тыңдаушылары Қысқы өнер фестиваліне қатысты
Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары Сочиде XVII Қысқы өнер фестивалі аясында білім алды, фестивальдің әртістік директоры – әлемге танымал альтшы әрі дирижер Юрий Башмет. Көкшетаулық баритон Бекұлан Ерболатұлы мен елордалық тенор Нұрсұлтан Әнуарбек үздік педагогтар мен музыка қайраткерлерінің шеберлік сағаттарына, дәрістері мен сабақтарына қатысып, қорытынды концертте өнер көрсетті.
– 19-24 ақпан аралығында біз Сочиде XVII Халықаралық қысқы өнер фестивалі академиясында білім алдық. Фестиваль – бұл шығармашылық адамдарына арналған түрлі қызмет бағыттары бар бірегей алаң, – деп атап өтті Нұрсұлтан Әнуарбек. – Ол жыл сайын Сочиде өтеді, мұнда көптеген жұлдызды қатысушылар – музыканттар мен әртістер және көрермендер бас қосады. Фестивальдің маңызды бөлігі – жас опера орындаушыларының біліктілігін арттыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастыратын вокалдық департамент.
Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Бекұлан Ерболатұлының айтуынша, дәрістер мен шеберлік сағаттарын кең қамтыған ауқымды оқу бағдарламасының қорытындысы ретінде дипломдар табысталған.
– Біз сондай-ақ оқуымыздың нәтижесі болған концертке қатыстық. Жаңа білім көкжиегін игеруге мүмкіндік берген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Халықаралық опера академиясы мен «Астана Опера» театрына алғыс білдіргім келеді, – деді солист.
Сочи музыкалық фестивалі аясындағы оқу курсына қатысу үшін биыл Ресей, Армения, Грузия және Қазақстаннан 20-35 жас аралығындағы он жеті жас вокалист іріктеліп алынғанын атап өткен жөн. Вокал департаментінің жұмысына әдеттегідей Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасының жетекшісі, РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері Дмитрий Вдовин жетекшілік етті.
Білім беру бағдарламасы аясында жас вокалистер Еуропаның опера өнерінің көрнекті өкілдерімен: КСРО Халық әртісі Маквала Касрашвилимен, Gerstel International Opera Management агенттігінің негізін қалаушы Тедди Герстелмен (Швейцария), Армян ұлттық опера және балет театрының коучі Любовь Татевосянмен (Армения — Франция), Ресей Хор өнері академиясының музыкалық-театрлық өнер кафедрасы опера сыныбының көркемдік жетекшісі Екатерина Вашерукпен кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.
– Біз қатысу бақытына ие болған білім беру жобасы өте пайдалы болды әрі баға жетпес білімдері мен көпжылдық тәжірибесімен бөліскен опера өнерінің хас шеберлерімен таныстырды. Мұндай іс-шаралар – ынталандыратын, өздігінен белсендірек жұмыс істеуге итермелейтін, мамандықты жаңа қырынан ашатын бір жұтым таза ауа іспетті», — деп ойымен бөлісті Бекұлан Ерболатұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Astana Opera Халықаралық опера академиясы 2019 жылы ашылған еді. Қазіргі уақытта академияда Қазақстан мен өзге елдерден келген жас орындаушылардың екінші легі біліктілігін арттыруда. Бірінші курс түлектері маман иесі ретінде жолын сәтті бастап, елімізде мансабын табысты құруда әрі шетелде де сұранысқа ие.