Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Спорттық гимнастика: Германияның Котбус қаласында өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогінің кезеңінде Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда топ жарды. Бұл – жерлесіміздің алғашқы чемпиондық атағы емес. Өткен жылы Нариман Құрбанов Әзербайжан және Қатардағы әлем кубогінің кезеңінде де қарсыластарынан озып кеткен еді.

Мәнерлеп сырғанау: Ұлттық құрама көшбасшысы Михаил Шайдоров Нидерланд Корольдігінің Тильбург қаласындағы Challenge Cup турнирінде жеңімпаз атанды. Жерлесіміз қысқа бағдарламада 85.75 балл жинап, 2-сатыға жайғасқан болатын. Ал еркін жаттығуда жинақы өнер көрсетіп, 270.59 ұпаймен суырылып алға шықты. Жалпы есепте – 256.34 ұпай жинады.

Сонымен қатар Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен Abu Dhabi Classic Trophy-2024 халықаралық турнирінде екі отандасымыз үздіктер қатарынан көрінді. София Фарафонова 129.30 ұпаймен екінші орынға ие болса, Анна Левковецке (127.79 ұпай) қола жүлде бұйырды.

Шорт-трек: Алина Ажғалиева Польшаның Гданьск қаласында мәресіне жеткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде олжалады. Ол 1500 метрге жарыстың финалында тек Мажарстан спортшысы Майя Дора Сомодиге жол берді. Бір айта кетерлігі, бұл – Қазақстан тарихында шорт-тректен қыздардың әлем чемпионатында еншілеген алғашқы жүлдесі. Бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Денис Никиша тұғыр сатысына көтерілген.

Батуттағы гимнастика: Әзербайжан астанасы Бакуде мәресіне жеткен батуттағы гимнастикадан Әлем кубогінде Қазақстан құрамасы күміс жүлде жеңіп алды. Данил Мусабаев пен Пирмаммад Алиев жұбы финалда 50.520 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді. Қытай құрамасы (Фу Вэйцзянь мен Жоу Цзе) 51.090 ұпаймен топ жарса, үздік үштікті Америка гимнастары түйіндеді.

Садақ ату: Ирак астанасы Бағдатта садақ атудан Азия кубогінің алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Құралмалы садақпен (Compound bow) атуда Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль жеңіп алды. Жүлде жолында Акбарәлі Қарабаев, Шәміл Сагутдинов пен Бунед Мирзаметов жарыс қожайыны Ирак командасынан басым түсті. Есеп: 227-215.

Велоспорт: Үндістан астанасы Делиде өтіп жатқан велотректен ересектер арасындағы 43-ші Азия чемпионатында жерлестеріміз үздік нәтиже көрсетіп жатыр. Ұлттық құрама қоржынында 1 күміс, 4 қола медаль бар.

Әлішер Жұмақан топтық жарыста күміс жүлде олжаласа, ұлттық құрама спортшылары «Мэдисон» және командалық із кесу жарысында (Әлішер Жұмақан, Дмитрий Носков, Рамис Дінмұхаметов), топтан тыс қалу бәсекесінде Рамис Дінмұхаметов, із кесуден жекелей жарыста Рината Сұлтанова қола жүлдеге ие болды.

Бадминтон: Уганда астанасы Кампалада бадминтоннан ұйымдастырылған Uganda International 2024 халықаралық турнирінде Дмитрий Панарин қола жүлде жеңіп алды. Ұлттық құрама өкілі жартылай финалда Үндістан спортшысы Рагху Марисвамиден жеңіліп, үшінші орынға табан тіреді.

Көркем гимнастика: Мажарстан астанасы Будапеште өткен көркем гимнастикадан 28-ші Gracia Fair Cup халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Жекелей сында Айбота Ертайқызы доппен, лентамен және ұршықпен өнер көрсетуде дес бермей, 3 жаттығуда алтыннан алқа тақса, Эрика Жайлауова шығыршық жаттығуында чемпион атанды.

Дзюдо: Қазақстандық дзюдошы Шерзод Давлатов Польша астанасы Варшавада өтіп жатқан Еуропа кубогінде қола жүлдегер атанды. 60 кг салмақта белдескен отандасымыз жұбаныш финалында отандасымыз грузиялық Тома Гелашвилиді жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Баскетбол: Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Азия кубогінің іріктеу кезеңін сәтті бастап, Үндістан құрамасынан 63:50 (13:16; 18:10; 13:7; 19:17) есебімен басым түсті. Қазақстан сапында Рустам Мырзағалиев 18 ұпай жинап үздік атанса, қарсылас құрамада Мутху Кришнан 17 ұпай жинады.