Ақтөбе облысында Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасы әзірленді

Биыл өңірде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау аясында 970 шара ұйымдастырылады. Оған 500 мыңға жуық қала тұрғыны мен қонақтары қатысады деген жоспар бар.

Бұл туралы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеген болатын. Осы мақсатта ұлттық рухани құндылықтарға негізделген, 1, 8, 14-22 наурыз аралығындағы әр күнді қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық болмысын ашып көрсетуге бағытталған «Наурыз мейрамының Тұжырымдамасы» әзірленіп, бекітілді», — деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, облыс аумағында Наурыз мейрамын өткізу шаралары 1 наурыз – Алғыс айту күнінен басталады. Бұл мереке күні 5 бағытта «Алғыс айтам, бәріңе!» атты алғыс-керуені өтеді. «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы аясында «Қоржын» қайырымдылық шарасына ат салысқан кәсіпкерлер марапатталады.  «Мың алғыс!» атты алғыс білдіру челленжді ұйымдастырылады.

8 наурыз күні тақырыптық концерттер өткізіледі.

Баяндамашы 14-22 наурыз аралығындағы күндер «Шаңырақ күні», «Шежіре күні», «Ұлттық спорт күні», «Бұлақтың көзін ашу», «Шаттық күні», «Ынтымақ күні», «Тарту күні» деп аталатынын айтып, әрқайсысының мән-мағынасын түсіндірді.

«22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында кең көлемде аталып өтіледі. Онда «Наурызнама» театрландырылған концерттік бағдарламасы, шеберлер мен қолөнершілердің жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен алуан түрлі жарыстар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жоспарланып отыр», — деді Юнисова.

Президент саябағында 5 киіз үй тігіледі. Одан өзге, қаланың 21 алаңында да киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Наурыз мейрамының жаңа жылдық мәнін айтып өткенін, төл мейрамға айырықша мән берілу керектігін айтып өтті. Жауаптыларға Ұлыстың ұлы күніне арналып, бекітілген Тұжырымдама негізінде жұмыстанып, осы бағыттағы шараларды жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.