Алғыс айту күнінде өңірдегі жомарт жандар марапатталды
Марапатталған кәсіпкерлер – туған жерінің түлеуіне, гүлденуіне үлес қосып, қаржылай көмек көрсетіп жүр.
Облыс әкімі Асхат Шахаров қалалық Мәдениет үйінде өткен «Алғыс айту — парызым» атты мерекелік іс-шараға қатысты.
Өңір халқын көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Алғыс айту күні — сан түрлі сынақтардан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін айғақтайтын, сондай-ақ адамзатты бір-біріне жақындастыратын, жүрекке жылу сыйлайтын, бейбітшілік пен келісімнің, мейірім мен ізгіліктің үйлесім тапқан мерекесі екенін атап өтті.
«Халқымызда «Алғыс алған арымас» деген нақыл сөз бар. Осы ерекше мерекеде өңіріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандарға, қашанда елдің сөзін сөйлейтін, сөзі баталы алдыңғы буын ағаларға, ұрпаққа сапалы білім, тәлімді тәрбие беруде еңбегі зор ұстаздар қауымына, күні-түні уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген құтқарушыларға, дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына ақтөбеліктер атынан алғыс айтамын! Ақтөбе облысында қайырымды жандардың, меценаттардың да көп екендігін біз білеміз. Туған жерінің дамуына үлес қосып, жанашырлық танытып, мұқтаж жандарға көрсеткен көмегі үшін барлық ақтөбелік кәсіпкерлерге, ұйымдарға жәнеазаматтарға ризашылығымды білдіремін», — деген облыс әкімі туған жерінің көркеюіне ерекше үлес қосып жүрген бір топ меценатқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болғандардың қатарында Мұғалжар ауданындағы «Байлық-Проект» ЖШС директоры Бауыржан Алғазин, Әйтеке би ауданы Қарабұтақтың перзенті, «Актобе Строй Эксперт» ЖШС директоры Жасталап Жанбауов, Мәртөк ауданынан «Родники Агро» ЖШС директоры Мәдениет Қуатбаев, «ПГС-Қаратоғай» ЖШС директоры Ахметжан Күзембаев, Темір ауданынан «100DOS Шұбар» қоғамдық бірлестігінің төрағасыАлтынбек Мұстафин, Ырғыз ауданының азаматы, «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуов, Қобда ауданының еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, «Саке» сауда үйі басшысының кеңесшісі Қалиолла Сағандықов, Шалқар ауданы Мөңке би ауылының перзенті, жеке кәсіпкер Жанбатыр Сəрсеновтер бар.
Хамит Өтеуұлы – марапатталған меценаттардың бірі. Ол Ырғыз ауданының әлеуметтік-мәдени салаларын дамытуға үлес қосып келеді. Оның демеушілігімен Құмтоғай ауылында медициналық пункт, саябақ, ауыл кіреберісіне арка салынды.
«Қай кезде де туған ауылымның түтіні түзу шыққанын, туған жерімнің көркейгенін қалаймын. «Әркімге туған жері — Мысыр шаһары» демей ме. Жасым болса бірталайға келіп қалды, шамалы болса да,ауылдың гүлденіп, көркеюіне қызмет еткім келеді. Реті келсе, қайырымдылық шараларына да атсалысамыз. Жасап жатқан істерімізді көрген жұрт алғыс айтып жатады. Осы ретте ауылдастарыма, бірге жұмыс жасайтын ұжымыма алғыс айтамын. Бәрінің отбасына амандық тілеймін», — дейді.
Ал Ахметжан Күзембаев Мәртөк ауданының Қаратоғай ауылында көпір салуға көмек берген. Құрылыс нысанына 170 млн теңге жұмсалыпты.
Мерекелік іс-шара барысында ақтөбелік өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Кішкентай өнерпаздар, өзге ұлт өкілдерінің, Ақтөбеден шыққан танымал тұлғалардың да бейнеқұттықтаулары көрсетілді.