Ақтөбе өңірінде пошта саласын дамыту бойынша «Қазпоштамен» келісім жасалды
Өзара іс-қимыл туралы маңызды құжатқа аймақ басшысы Асхат Шахаров пен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова қол қойды.
Ынтымақтастық аясында тараптар Ақтөбе облысындағы Ұлттық пошта операторының қызметін кеңейту жөніндегі міндеттемелерді орындайды. Атап айтқанда, әкімдік пошта-жинақтау жүйесінің дамуына және тиімді жұмыс істеуіне ықпал етпек.
Келіссөздер барысында Әсел Жанасова Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайында терминал-хаб салу мәселесін көтерді. Оның ашылуы әуе поштасын өңдеуді едәуір жылдамдатады. Бүгінгі таңда өңірге жеткізілетін сәлемдемелер көлемі айтарлықтай өскенін ескерсек, бұл өзекті мәселе болып отыр.
Сондай-ақ, халықты пошта және қаржы қызметтерімен қамтуды кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізілді. Осы мақсатта облыс орталығында да, аудандарда да жаңа қызмет көрсету нүктелерін ашу жоспарлануда. Бұдан өзге, шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жазбаша хат-хабарлар мен мерзімді баспасөз басылымдарын тасымалдау мен жеткізуді ұйымдастыруды жолға қою, ауылдық пошта байланысы бөлімшелерін салу және оларды күрделі жөндеу, пошта бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі мәселелерді шешу қажеттігі бар.
Өз кезегінде облыс әкімі меморандумда көрсетілген барлық тармақ орындалатынын, әсіресе, ұлттық пошта байланысы операторының Ақтөбе өңіріндегі даму мүмкіндіктері мен пошта байланысы саласындағы инновациялық және цифрлық технологияларды енгізу бастамаларына қолдау болатынын атап өтті.
Қаржы және агенттік бағытында халыққа қызмет түрін көрсететін «Қазпоштаның» Ақтөбе облыстық филиалында 700-ден астам қызметкер жұмыс атқарады.