«Астана Операда» ұлттық спектакльдерге костюмдер жасаудың құпиясын ашты

«Астана Опера» театры репертуарының сәні ұлттық спектакльдер болып табылады. Тамаша музыка, дарынды орындаушылар, керемет декорациялар және, әлбетте, қазақ халқының рухани әрі материалдық мәдениетінің байлығын көрсететін костюмдер қайталанбас атмосфера туғызып, ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Еліміздің басты мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында костюмдер бойынша дизайнер Дариға Тайшықова ұлттық опералар мен балеттердің жабдықтарын жасаудың құпияларын ашып берді.

– Ұлттық киімде көптеген нышандар мен мағыналар түйінделген. Қазақша костюм адам тұрмысының өткен шақ пен қазіргі уақытты біріктіретін тұтас дүниетанымдық жүйесін қамтиды. Дәстүрлі киімге қарап адамның қандай рудан және өңірден екенін, қандай дәрежеге ие екенін түсінуге болады. Сондықтан тарихи мұра мен ережелерді сақтау және тағы бір маңыздысы, осы білімді ізбасарларға беру мақсатында материалдық-мәдени құндылықтармен ұқыпты жұмыс істеу қажет, – деп жауап берді «Астана Операның» костюмдер бойынша дизайнері Дариға Тайшықова.

Спектакльдерге арналған ұлттық костюмдермен жүргізілетін жұмыс режиссердің тұжырымдамасын талдаудан басталады, бұл тұжырымдама бүкіл қойылым үшін бірдей. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» сынды операларында тарихи қағидаларды қатаң ұстану байқалады, сондай-ақ стиль қалыптастыру тәсілі қолданылады, бұл музей жұмыстарында жасалатындай шамадан тыс реконструкциялауға кетіп қалмауға мүмкіндік береді. Репертуардағы басқа да спектакльдерде, мәселен Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», Б.Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» операларында кейіпкерлердің бейнелері секілді костюмдердің тарихи нақтылығы талап етілген жоқ. Мұндай спектакльдермен жұмыс әрдайым белсенді жүреді, матаның текстурасымен қызу тәжірибе жасалады.

Дизайнердің айтуынша, операларға ұлттық костюмдер жасаудың қыр-сыры олардың көп құрамдылығын көрсету мүмкіндігімен ерекшеленеді. Ал балетке киім жасауда күрделі хореографиялық нөмірлерді орындау кезінде үстеріндегі костюмдері әртістерді қимылдатпай тастамас үшін технологиялық жаңарту, бөлшектерді өзгерту жұмыстарын жасау қажет болады.

– Костюмдерді тігу технологиясы театр қағидаларына сәйкес келеді, өйткені сахнаға арналған киімдерді жасау күнделікті киім өндірісінен едәуір ерекшеленеді. Әрбір кейіпкерге немесе әртістер тобы үшін мата мен фурнитураны таңдау жұмыстары бөлек жүргізіледі. Ұлттық опералық спектакльдер үшін көбінесе табиғи маталар қолданылады. Мұндай материалдар анағұрлым экологиялық, киюге жеңіл, сонымен қатар сахнада жарықпен және декорациялармен әрекеттескенде түсі мен пішінін сақтайды, – деп атап өтті маман.

– Театр костюмдерін жасау кезінде суретшінің визуалды іске асыруда, материалдар, фактуралар мен түстерді таңдауда белгілі бір еркіндігі бар. Ол өзінің бояу түстері мен түрлерін қолданып, оларды сахнаның басқа да элементтерімен, пропорциялармен және ауқымдармен үйлесімді сәйкестіруге тырысады, осылайша сахнада кейіпкерлерді түр мен түс, жарық арқылы жандандырады, әртістердің қимыл пластикасын маталардың созылғыштығы немесе қаттылығы арқылы көрсетеді, сәндік бөлшектердің көмегімен ерекшеліктер қосып, кейіпкерлердің мінездері мен бейнелердің өзгешеліктерін паш етеді, – деп атап өтті дизайнер. – Костюмдер бойынша суретші шығармашылық жұмысты жасайды, ол жерде музыкамен, опералық және балеттік орындаумен, декорациялармен және жарықпен ансамбльде кейіпкерлер анағұрлым көрнекті, жанды, келісті әрі шынайы бола түседі.

Қазақша костюмдер меруертпен және асыл тастармен жиі бедерленіп, күміспен, алтынмен безендіріледі. Бұл элементтерді бутафор цехында арнайы әзірлейді. Мәселен, Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» спектаклі үшін жалпы алғанда шамамен мың металл элементтер мен әшекейлер дайындалды. Олар жеке зергерлік бұйым ретінде де қолданылды, сондай-ақ жабдыққа әшекей ретінде де тігілді. Сондай-ақ ұлттық киім-кешек қолдан тоқылған кесте, аппликация, принт, бисер, тастармен және қазақ мәдениетінде тұмардың рөлін атқаратын басқа да көптеген заттармен безендіріледі.

– Ұлттық костюмде ою-өрнек айрықша маңызға ие, бұл – ата-бабаларымыздың материалдық-мәдени мұрасының жеке ауқымды бөлігі. Нақты тарихи деректілікті сақтау мақсаты болмаса да, бұл тақырыпты жақсы түсіну маңызды, – деп әңгімеледі Дариға Тайшықова. – Киімде қандай, ал кілем, ыдыс-аяқ пен басқа бұйымдарда қандай ою-өрнекті қолдануға болатынын түсіну қажет.

Театр костюмдері – сценографияның ең маңызды элементтерінің бірі екені сөзсіз. Оларды жасаумен үлкен шығармашыл топ, қолөнердің құпиясы мен сырын білетін озат шеберлер жұмыс істейді. Алайда қазақ халқының бірегей материалдық және рухани мұрасын құраушы құнды білімді сақтау және жеткізу де солардың міндеті болып табылады.