Ақтөбе облысының әкімі өнегелі әулетті Көрісу күнімен құттықтады
Тобылбаевтар әулеті – 2023 жылы өткен «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы.
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Көрісу күнінде үлгілі, өнегелі отбасы Тобылбаевтар әулетін Амал мерекесімен құттықтап барды, көрісіп, қауышты.
Әулеттің мәуелі бәйтерегі Теміржан Тобылбаев пен Нұрсұлу Тасқынбаеваның шаңырақ көтергендеріне 53 жылдан асқан. Төрт қыз, үш ұл тәрбиелеп, олардан 11 немере сүйіп отыр.
Аймақ басшысы Ұлыстың ұлы күнінің бастауына айналған бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталды. Елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы Наурыз мейрамы ерекше форматта тойланатынын алға тартты.
«Ұлыстың ұлы күні бүгін міне Көрісу күнімен басталып жатыр. Бұл мерекенің мән-мағынасы, мазмұны, тағылымы тереңде. Қыстан аман шықтық. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау, тарихымызды ұмытпау, ұрпақтар сабақтастығының жалғасуы — ортақ міндет. Бұл бағытта сіздер қосып отырған үлестеріңіз зор. Сондықтан сәлем берейік, көрісейік, алғыс айтайық деп өздеріңізге арнайы келдік. Менің әкем секілді механизатор болып жұмыс істепсіз. Үлкен еңбек екенін білемін. Аман жүріңіздер», – деді Асхат Шахаров құттықтауында.
Әулет үлкендері өз кезегінде сөз алып, отбасы мүшелерін таныстырды, жетістіктерін жеткізді, ілтипат көрсеткен қонақтарға алғысын білдірді. Облыс әкімі көпке үлгі болған Тобылбаевтар әулетімен естелік суретке түсті.