Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 171 күн қалды

Астанада Наурыз мейрамы қарсаңында, ЭКСПО халықаралық көрме орталығында, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қанша күн қалғанын көрсетіп тұратын, кері санақ тақтасы ресми түрде іске қосылды.

Салтанатты рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Туризм және спорт министрі Ержан Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және көкпардан Қазақстанның ұлттық құрамасы қатысты.

Кері санақ таблосы көлемі екі метрге жуық асық пішінінде жасалған.

Сондай-ақ бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының билеттік бағдарламасы іске қосылды. Ал Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билет сатып алды.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Қауымдастық пен оның құрамына кіретін федерациялар, еліміз үшін өте маңызды халықаралық шараға белсенді дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

“Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасына 20 спорт түрі кірді. Оның 12-сі біздің ұлттық спортымыз. Айтулы додада спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімім мол!”, — деп атап өтті Исламбек Салжанов.