Үйлерінен көшірілген ақтөбеліктерді такси жүргізушілері тегін тасыды
30 шақты «Largus» клубының мүшелері бүгін түнде эвакуацияланған тұрғындарды діттеген жеріне апарып қана қоймай, олардан бірде-бір ақша алмаған. Әрбір көлік жүргізуші 2-3 рейс жасаған.
«Қиналған жұртты көріп, үйімізде қол қусырып отыра алмадық, көмектескіміз келді. Бірауыздан жиналып, су тасқынынан зардап шеккендерді қолдайық дедік. Елек пен Қарғалыны жағалай орналасқан бау-бақша ұжымдарына барып, құтқарылған тұрғындарымызды көлігімізге отырғызып, айтқан жеріне тегін апардық. Көлігіміз 7 орындық. Бір жүргізуші кемінде 2-3 рейс жасады. Біз әрқашан біргеміз», — дейді Мирхан есімді ақтөбелік таксист.
Ол тұрғындар тарапынан жүргізушілерге көптеген алғыс сөздері айтылғанын, тіпті үлкендер бата бергенін және бұл Мирхан мен оның әріптестері үшін ең үлкен табыс екенін атап өтті.
Ақтөбеде Елек және Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарын су басты. Түні бойы жүргізілген эвакуация жұмыстарының нәтижесінде адам шығыны болған жоқ.
Эвакуация шараларына өзі бастап қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров суға кеткен аумақтарды түнімен, таңда өзі аралады. Қауіпсіз жерге көшірілген ақтөбеліктермен кездесіп, барлық шығынды өтеумен комиссия айналысатынын сөз етті.
Жалпы тартылған адам саны – 547. Оның ішінде 300-і – ұлттық ұлан сарбаздары. Сондай-ақ, құтқарушылар, полицейлер, депутаттар, жергілікті атқарушы орган өкілдері, ерікті азаматтар, волонтерлар мен жастар да атсалысты. 80 автобус жұмылдырылды.
Ақтөбеде тұрғындарды көшіру жұмыстары 6 квадрат бойынша жүргізілді. Яғни, Сая, Мағаджан және қалалық сүт зауыты аумағынан Заречный көпіріне дейінгі аумақтағы бау-бақша ұжымдарының, «Юрта» мейрамханасының артындағы саяжай, Кірпішті көпірінің ауданы мен Нокин даңғылы бойындағы (АЗФ зауытына дейінгі аумақтағы) бау-бақша ұжымдарының тұрғындары эвакуацияланды.
Сағат 10:00-дегі мәлімет бойынша, облыс орталығында дайындалған 53 эвакуациялық пунктке 1828 адам орналастырылды.