Алматыда экстремалды спорт түрлерінен жарыста 7 миллион теңге ойнатылады
Алматы қаласында 6-7 сәуір күндері Шымбұлақ тау курортының аумағында жақын және алыс шетелдерден келген қысқы экстремалды спорт сүйер қауым Winter Jungle спорттық-музыкалық фестивалінде жиналады.
Фестиваль қонақтарын екі күндік ауқымды спорттық және музыкалық бағдарлама күтеді. Атап айтсақ, Big Air, Jibbing, The Battle және Jungle cross форматтары бойынша сноубордшылар мен шаңғышылар арасында жарыстар өтеді.
Қазақстандық шабандоздардан бөлек жарысқа Ресей, Польша, Австрия, Финляндия, Франция және Сербия спортшылары қатысады. Фестивальдің жалпы жүлде қоры — 7 000 000 теңгені құрап отыр.
«Біздің басты мақсатымыз — Қазақстандағы экшн-спорт мәдениетін дамытуға үлес қосу! Осы жылғы фестивальден мен керемет көңіл-күйді, жаңа адамдарды және шарадан шабыт алып, одан әрі экстремалды спортпен айналысатын жарқын жастарды күтемін» – дейді фестиваль продюсері Александр Кучура.
Фестиваль қонақтарын спорттық жарыстардан бөлек – алуан түрлі музыкалық бағдарлама күтіп тұр. Басты сахнада қазақстандық жас әртістер RUSHA, MENINDENIMSAW және ALON, сонымен бірге шақырылған хедлайнерлер -LOVANDA және КАССЕТА өнер көрсетеді.
Кіру тегін.