Қобда ауданындағы эвакуациялық орталықтарға 70 адам орналасты

Ауданда биылғы жылдың 28 наурызынан бастап көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Су тасқыны кезінде тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін Қобда ауылында спорт мектебі мен аудандық аурухана эвакуациялық пункт ретінде ұйымдастырылды. Жалпы көшірілген адамдар саны – 1147 болса, орталықтарға 70 адам орналасқан.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Қобда ауданына жұмыс сапары барысында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдады.

Қобдалықтар баспана мен өлген малдың шығыны қалай өтелетінін және тағы да толғандырған мәселелеріне жауап алды.

«Осы қиын сәтте тұрғындарды сабырлық танытуға шақырамын. Президент біз нақты тапсырмалар берді. Зардап шеккендердің бәріне де тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша қолдау көрсетіледі, апаттан келтірілген залал үшін өтемақы төленеді. Қазір су тасқынының салдарын жоюға барлық күштер жұмылдырылды. Өңірдегі жанашыр азаматтар да көмек қолын созуда. Құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, дәрігерлер, ерікті жандар тұрғындарды, жануарларды құтқаруда батылдық танытты. Су тасқыны қаупі сейілді деп айту әзірге ерте. Сондықтан босаңсуға болмайды. Жағдай тұрақтанған соң, бәрін қалпына келтіреміз. Жолдарды жөндеп, үйлер саламыз. Бірде-бір адам көмексіз қалмайды» — деп атап өтті облыс әкімі.

Аудандық әкімдіктің дерегіне сүйенсек, бүгінде Қобда ауданында 284 үйді су басқан.

Барлық зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмектер ұйымдастырылып, қолдаулар көрсетілуде. Ауданда материалдық залалды есептеу және өтеу бойынша құрылған комиссия үш күнде 189 адамнан құжат қабылдады.