Ойыл ауылының кіреберісіне понтон көпір орнатылды
Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі әлі де сақтаулы. Өңірде Асхат Шахаровтың төрағалығымен су тасқынына қарсы жедел штаб жұмысы жалғасуда.
Штаб өкілдері қазіргі уақытта Ойыл ауданында жүр. Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар қызметкерлері, жол саласының мамандары, Қорғаныс министрлігінің әскери инженерлері табиғи апат салдарынан бұзылған Ойыл ауданының орталығы мен Ш.Берсиев ауылының арасында көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Яғни, көпірдің орнына қалқымалы тірек понтоннан тұратын паром өткелі орнатылды.
Уақытша құрылыстың арқасында Ойыл тұрғындары жол қатынасы үзілген ауылдан кедергісіз кіріп-шыға алады. Сондай-ақ, жануарлар, гуманитарлық жүктер және техника тасымалданады. 60 тоннаға дейін жүк көтере алатын өткелді Қонаев гарнизонының инженерлік-саперлік полкінің мамандары қамтамасыз етеді.
Айтып өту керек, судың қарқынды ағысынан жолдың бір бөлігі шайылды. Нәтижесінде 16 мың халқы бар Ойыл ауылына жол қатынасы үзілді.