Дәріханадағы түн
Әдетте, заманауи трендтерге сүйене отырып, түрлі елдердің тұрғындарына музейде түн өткізуге ұсыныс айтып жатады, ал «Астана Опера» театры түнді шамамен 200 жыл бұрын дәріханада қалай өткізуге болғанын жарқын әрі қызықты қойылым арқылы көрсетті. Г.Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» комедиялық спектаклінің премьерасы 11-12 сәуірде «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасында зор табыспен ұсынылды.
Опера-буффаның барлық қатысушылары Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары болғанына қарамастан, спектакльді «студенттік» деп атауға болмайды. Жоғары кәсіби деңгей вокалдық орындауда да сезілді, әншілердің дауыстары шынымен таза естілді және олар актерлік шеберлікте де дарындарының көпқырлылығын паш етті. Жас әртістер қоюшы режиссер Николай Куликовтың күрделі тапсырмаларын тамаша орындап шықты.
Оның спектакльді көне көше театры форматында көрсету туралы шешімі өте сәтті болды. Күш-қуаты мол академистер сахна кеңістігін керемет меңгеріп, орындықтарда Чарли Чаплин мәнерінде жүріп, акробаттыққа жақын қимылдарды орындады. Билеп, тізерлеп, әйтеуір толығымен ойынға берілді және олардың бұдан зор ләззат алғаны көрініп тұрды.
Еске сала кетейік, Гаэтано Доницетти «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» комедиялық операсының музыкасы мен либреттосын жазуды 1836 жылы аяқтаған. Осынау жауһарды жасау барысында классик өзінің композиторлық табыстарынан, барлық партитураны толтырған жеңілдік пен шаттықтан рақатқа бөленді. Опера тез танымал болып, әлемнің көптеген театрларының репертуарына енді.
Спектакльдің сюжеті қарапайым әрі қызықты: жасы ұлғайған дәріханашы Аннибале мен оның жас әйелі, сұлу Серафинаны неке түні күтуде. Алайда Серафинаның жазықты болған ғашығы, жас Энрико дәріханашыға жатын бөлмедегі әйеліне баруға кедергі жасауды ойластырады. Ол қоңырауды тоқтаусыз соғып, Аннибаленің дәріханасына түрлі кейіпте келеді, сөйтіп шын ғашықтай тапқырлық танытып, қарсыласын мазақ қылады.
Вокал бойынша ұстаздар Жұпар Ғабдуллина мен Азамат Жылтыркөзов орындаушылардың екі құрамын дайындады. Дәріханашы Дон Аннибале Пистаккионың рөліндегі Валерий Селиванов дауысын мінсіз басқаруымен, қанық бас дауысты нақышпен әрі қуатты төменгі ноталарымен айрықша жарқырап, көрермендерді тәнті етті. Дәріханашының әйелі Серафинаның партиясын орындаған Фируза Рахметова жеке орындау кезінде де, ансамбльдік сахналарда да керемет вокалдық шеберлікті паш етті. Юрица Юрасич Капун мен Бекұлан Ерболатұлы Серафинаның ғашығы Энриконың бейнесін тамаша сомдап, режиссер ойға алған тапсырмаларды әзілмен жеңіл орындады. Энриконың еденде жатқанын дәріханашының жас әйелі байқамай, оны басып бөлменің қарама-қарсы бөлігіне өтіп кеткенде Энрико күлкілі дауыс шығарып, қол-аяғын көкке көтерді.
Мадам Розаның бейнесіндегі нәзік Анастасия Ремескова өзінің қуатты меццо-сопраносымен таңғалдырды, оның дауысы бүкіл көрермендер залын баурап алғандай болды. Қызметші Спиридоненің рөліндегі Нұрсұлтан Әнуарбек пен Мерей Қадырханов кейбір сәттерде асыра көрсетілген актерлік ойындарымен және қатты күлкілерімен көңілді көтеріп, спектакльге әзіл-оспақ қосты.
Спектакльдің көрнекі бөлігі – бұл айрықша атмосфера. Костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова әртістердің бейнелерін толығымен аша отырып, көне көше театрларының рухын бейнелейтін керемет костюмдер жасады. Ал сценограф Гүлмира Исемғазиеваның пайымдауы арқасында көрермендер өздерін XIX ғасырдағы дәріханада жүргендей сезіне алды. Бұл дәуірде дәріхана тұрғын үйдің бір бөлігінде орналасатын еді. Кішкентай шыны сауыттар мен құтылар толтырылған ағаш сөре-шкафтар Дон Аннибале Пистаккионың ас үстелі мен төсегіне іргелес болды. Осының барлығы жайлы және сонымен бірге жұмыста жүргендей жағдай туғызып, заманауи көрермен үшін тосын дүниедей көрінді.
Қоюшы дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен оркестр әсем естіліп, оның үні спектакльдің жайдарлылығы мен ойнақылығының жалпы атмосферасын толықтырып тұрды. Әлемдегі ең әйгілі опералардың бірін барлық театр ықшамдалған нұсқада орындайтынын атап өтуіміз қажет. Алайда енді толық нұсқасы оркестрдің сүйемелдеуімен «Астана Операда» ғана ұсынылды деп мақтанышпен айтуға болады.
Академистер «Астана Операның» бес жыл бұрын құрған Piccolo театры жобасы аясында қойылған опера-буффаны тамаша меңгерді деп сеніммен айтуға болады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» спектаклінің премьерасы көрермендерге көптеген жағымды эмоциялар сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды. Дарынды орындаушылар, жасампаз режиссерлік тұжырымдама мен Доницеттидің керемет музыкасының арқасында спектакль Астананың театрлық өміріндегі жарқын әрі есте қаларлық оқиғаға айналды.