Астанада Инклюзивті білім беру ресурстық орталығының презентациясы өтті
Астанада Инклюзивті білім беру ресурстық орталығының тұсаукесері өтті, ол ағымдағы оқу жылында Ілияс Есенберлин атындағы №67 гимназия базасында өз есігін ашты. Осылайша, білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру процесіне тиімді қосу үшін жағдай жасауға арналған орталықта оқу жылының қорытындысы шығарылды.
Ресурстық орталық — бұл мұғалімдерге оқу процесінде инклюзия принциптерін жүзеге асыруға көмектесу және білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға мектепте кедергісіз әлеуметтік орта жасау үшін құрылған мектеп кеңістігінің бөлігі. Осындай орталықтардың базасында балалармен жұмыс жүргізіледі, ата-аналарға кеңес беріледі, сондай-ақ мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленуі мүмкін.
Орталықты «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы және Svoy Group компаниясы қолдауымен «Дара» қайырымдылық қоры ашты.
«Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін мектепте мамандардың жан-жақты көмегін ала алатын арнайы кеңістіктің болуы маңызды. Ресурстық орталықта оқушылармен мектептің психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі — психологтар, педагог-ассистент, логопед және дефектолог айналысады. Жеке және топтық сабақтар балалардың сәтті оқуы және құрдастары арасында әлеуметтенулері үшін қажетті дағдыларды дамытуға бағытталған», — деп «Дара» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова атап өтті.
Іс-шараға Астана қаласы білім басқармасының өкілдері, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің мамандары, сондай-ақ педагогтар шақырылды.
Презентация барысында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің мамандары ресурстық орталық базасында өз жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Қазіргі уақытта ресурстық орталыққа 21 оқушы қатысады. Мұғалімдер оқушылардың жетістіктері туралы айтып, сабақтардың қалай өтетінін көрсетті: қонақтардың назарына балалармен танымдық және коммуникативтік дағдыларды дамытуға арналған түрлі жаттығулар, сондай-ақ дамытушы және нейроойындар ұсынылды.
«Біздің ресурстық орталық тек оқушыларды ғана емес, мұғалімдерді де, ата-аналарды да қызықтырып тартатын орталыққа айналды. Айта кету керек, балалар мұнда үлкен қуанышпен келеді. Ресурстық орталықтың барлық қажетті дидактикалық, дамытушы материалдармен жабдықталғаны жұмысқа көп көмектеседі. Сонымен қатар, ресурстық орталықтың жұмысы барысында біз педагогтар үшін білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу бойынша екі қалалық семинар өткіздік. Сондай-ақ, біз ата-аналарға да, мұғалімдерге де үнемі консультациялар өткіземіз», — деп ресурстық орталықтың педагог-психологы Бағлан Тұрсынова бөлісті.