«Kazakh tazy» ит тұқымы Қазақстанның ұлттық бренді болуы мүмкін
Астанада Қазақстан Кинологтар одағы ұйымдастырған иттер көрмесі өтті. Оның аясында арнайы халықаралық комиссия Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық «қазақы тазы» тұқымды иттерді зерттеді.
Халықаралық кинологиялық федерацияның атқарушы директоры Ив де Клерктің айтуынша, комиссия мүшелері «қазақы тазы» тұқымын зерттеуге, иттердің мүмкіндіктерін, денсаулығы мен жалпы сыртқы түр-түсін көруге келген.
«Қазақы тазы – тазы тұқымдас ит. Ол аң аулауға бейім, тиісінше тез жүгіруі, төзімді болуы, алыстан көре алатындай жақсы көру қабілетіне ие болуы тиіс. Бұл сипаттамалардың барлығы аяқ-қолдарының, бұлшықеттерінің, сүйектерінің белгілі бір құрылымын қажет етеді – мұның бәрін біз көрме барысында анықтаймыз», — деп атап өтті Ив де Клерк.
Сонымен қатар, комиссия Қазақстанда жасалған «қазақы тазы» тұқымының стандартын және елде ұсынылған иттердің санын зерттеп жатыр.
«Халықаралық кинологтар федерациясының басшылығы мен өкілдері шыққан елінде иттердің саны жеткілікті деңгейде екеніне жеке көз жеткізіп, оларға деген мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасын және жалпы ит өсіру мәдениетін тиісті деңгейде көрді. Осы көрменің қорытындысы бойынша комиссия «Kazakh Tazy»-ны Қазақстанның ұлттық тұқымы және бренді деп тану туралы Халықаралық кинология федерацияның Бас комитетінің шешіміне негіз болатын өз қорытындысын жасайды», — деді Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Қазіргі таңда Қазақстан Кинологтар одағының деректері бойынша елімізде 3-3,5 мыңға жуық тазы тіркелген. Алайда, нақты саны әлі де түзетіліп жатыр және тіркеуден кейін бұл сан 2-3 есе көбеюі мүмкін. Өйткені құжаты жоқ тазылар өте көп.
Сондай-ақ, көрме аясында тазы тұқымдас иттердің ең үздігі анықталды. Ол Беловодья елінен келген Перизат (Перизат из страны Беловодья) атты тазы болды. Иесі – Берік Орынбаев (Алматы), ит өсіруші – Елена Хардина.
Көрменің ең кішкентай қатысушыларының бірі Семейден келген Шағала атты 3 айлық тазы болды. Оның қожайыны – 11 жастағы Әділжан Жеңіс.
«Мен әкеммен бірге аң аулаудың қыр-сырын зерттеймін. Біз иттерді тазыларға арналған арнайы тағаммен тамақтандырамыз. Біздің иттер Семейде түрлі жарыстар мен іс-шараларға қатысты, ал Астанаға алғаш рет келіп тұрмыз», — деді Әділжан.
Басты сурет авторы: Тұрар Қазанғапов