Абай облысы мәслихат депутаттары «AMANAT» партиясының жаңа төрағасын қолдады

«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезектен тыс XIII конференциясы өтті. Жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Абай облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аумақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияға барлығы 150 делегат жиналды.
Конференцияда филиалдың 2025 жылдың 9 айында атқарған жұмысының қорытындысын Абай облыстық филиалдың төраға қызметін атқарған Айдар Садырбаев таныстырды. Сонымен бірге күн тәртібінде филиалдың жаңа төрағасын сайлау мәселесі қаралды.
Абай облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков сөз алып, Қанат Серікқанұлының кандидатурасын қолдайтынын айтты.
«Қанат Серікқанұлын бәріміз жақсы білеміз. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өтіп, үлкен тәжірибе жинаған білікті басшы. Семей қаласында салық саласын тиімді басқарды, Аягөз ауданының әкімі, Абай облысы әкімінің орынбасары ретінде де жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Өңірдің жағдайын жақсы білетін, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде Қанат Серікқанұлы партия жұмысына жаңа серпін береді деп сенемін», — деді мәслихат төрағасы.
Конференция барысында мәслихат депутаттары Рыиза Молдашева, Шағангүл Жанаева және партия ардагерлері де сөз сөйлеп, филиалдың алдағы жұмысына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында партия хатшысы Ержан Жылқыбаев «AMANAT» партиясының стратегиялық бағыттарына тоқталып, аймақта партия қызметін күшейту және жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі



