Абай облысында жол сапасын бақылауға жасанды интеллект қосылды

Абай облысында автожолдардың жағдайын бағалау мен жөндеу жұмыстарын бақылау үдерісі цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Қазір өңірдегі жолдарға инструменталды диагностика жүргізіліп, оның нәтижелерін өңдеуде жасанды интеллект технологиялары қолданылуда. Бұл жұмыстар «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы мен «KAZ Road LAB» ақпараттық жүйесін енгізу аясында жүзеге асуда.

Жаңа цифрлық шешімдер жол саласындағы мәліметтерді бір жерге жинақтап, жолдардың жағдайын бақылауды, жөндеу барысын қадағалауды және азаматтардың қоғамдық бақылауға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Жол туралы ақпарат бір платформада

«E-Joldar» платформасы жол активтерін басқарудың бірыңғай цифрлық орталығына айналмақ. Жүйеде жүргізушілерге арналған ақпараттық сервис, қоғамдық бақылау құралдары, жол паспорттары мен жөндеу жұмыстары туралы мәліметтер қарастырылады.

Мәселен, «Жүргізушінің ақпараттық орталығы» жолдағы қауіпсіздік пен жүріп-тұруға қатысты талдамалық деректерді ұсынады. Ал «Қоғамдық бақылау» модулі азаматтарға таңдалған жол учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының барысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар үшін өңірлік жолдардың цифрлық «Жол паспорты» қалыптастырылып, жол инфрақұрылымы мен жөндеу жұмыстары туралы ақпарат жүйеленеді.

Ал Ситуациялық орталық пен Талдау модульдері сала мамандары мен басшыларына жөндеу жүргізіліп жатқан нысандардың жағдайын бір жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік береді.

Бұл цифрлық шешімдер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық бақылауды күшейту және автожол саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында енгізіліп жатыр.

Жолдардың 100 пайызы диагностикадан өтеді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, 2026–2027 жылдары жергілікті маңызы бар жолдарды инструменталды диагностикамен 100% қамту міндеті қойылған.

Абай облысында бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бүгінде өңірде 1 365 шақырым жолға инструменталды диагностика жүргізілуде.

Оның ішінде:

* республикалық маңызы бар — 851 км;
* облыстық маңызы бар — 856 км;
* Аягөздегі — 48 км;
* Курчатовтағы — 42 км;
* Жаңасемейдегі — 32 км көшелер мен жолдар тексерілді.

Алдағы кезеңде Семей қаласындағы 160 км немесе 126 көше, сондай-ақ Бесқарағай, Аягөз және Абай аудандарындағы жолдар тексеріледі. Қалған аудандарды диагностикалық жұмыстармен 2027 жылы толық қамту жоспарланған.

Жолды енді «ақылды» технологиялар тексереді

Инструменталды диагностика кезінде жылжымалы жол зертханалары, лазерлік датчиктер, GPS жүйесі және бейнетүсірілім қолданылады. Осы технологиялар жолдың нақты жағдайы туралы мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді.

Жиналған ақпаратты өңдеу кезінде де цифрлық технологиялардың мүмкіндігі пайдаланылуда.

Атап айтқанда, жолдардың бейне ақауларын автоматты түрде өңдейтін SRDS жүйесінде жасанды интеллект қолданылады. Соның нәтижесінде бейнематериалдарды өңдеу уақыты 4 күннен 4 сағатқа дейін, яғни 8 есеге қысқарған.

Осылайша, жолдың жағдайын анықтау ғана емес, жиналған деректерді талдау мен ақауларды тіркеу де бұрынғыдан жылдам орындалады.

Цифрландырудың басты мақсаты – жол саласындағы ақпараттың ашықтығын арттырып, жөндеу жұмыстарын бақылауды күшейту және жол активтерін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе қалыптастыру.