Абай облысының мұғалімі республикалық пікірсайыс турнирінде жеңімпаз атанды

Абай облысының жас педагогі республикалық деңгейде өткен «Ustaz CUP» пікірсайыс турнирінде үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өткен додаға еліміздің 20 облысынан 40 мұғалім қатысты. Турнир LD (Lincoln–Douglas) форматы бойынша ұйымдастырылды.

Семей қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназияның пікірсайыс үйірмесінің жетекшісі Бинұр Тұрысбекова І орынды жеңіп алып, «Ең үздік спикер» атағына ие болды. Жеңімпазға арнайы кубок пен қаржылай сыйлық табысталды.

Бинұр Тұрысбекова пікірсайыс барысында мүмкін болған 100 ұпайдың 96-сын жинап, жоғары кәсіби дайындық пен шешендік шеберлігін көрсетті.

Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі