Әділетті қоғам қалыптастырудағы білімнің рөлі

Қазіргі жаһандық даму үрдісінде бейбітшілік, әділет және тиімді институттар құру кез-келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі шартына айналды. Бұл бағыт Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарының 16-шы бағыты аясында айқын көрініс тапқан. Аталған мақсат қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуді, адам құқықтарын қорғауды, сыбайлас жемқорлықты азайтуды және тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыруды көздейді.
Осы тұрғыда жоғары оқу орындарының, әсіресе құқықтық білім беретін оқу орындарының рөлі ерекше. Еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі ҚазҰУ бұл бағытта маңызды міндеттерді жүзеге асырып келеді. Университет қабырғасында білім беру тек кәсіби дайындықпен шектелмей, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, әділеттілік қағидаттарын сіңіруге бағытталған. ҚазҰУ-дың заң факультеті елдегі құқық саласы бойынша жетекші орталықтардың бірі. Мұнда студенттер тек заң нормаларын меңгеріп қана қоймай, оларды тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастырады. Заң клиникалары арқылы студенттер халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлестерін қосады. Бұл тәжірибе жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, әділеттілік қағидаларын терең түсінуіне ықпал етеді.
ТДМ 16-ның маңызды бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. ҚазҰУ бұл мәселеге де ерекше назар аударып келеді. Университетте студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған түрлі дәрістер, семинарлар, пікірталастар ұйымдастырылады. Аталған іс-шаралар болашақ мамандардың кәсіби этикасын қалыптастырып, қоғамдағы жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін нығайтады. Сонымен қатар, тиімді институттар құру ТДМ 16-ның тағы бір негізгі бағыты. Бұл ретте университет мемлекеттік басқару, құқық және халықаралық қатынастар салаларында білікті кадрлар даярлау арқылы елдің институционалдық дамуына үлес қосуда. Оқу ордамыздың түлектері бүгінгі таңда мемлекеттік органдарда, сот жүйесінде, құқық қорғау саласында және халықаралық ұйымдарда табысты еңбек етуде.
Құқықтық мәдениет әділетті қоғамның негізі. Қара шаңырақта бұл бағыт жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Студенттер құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, халықпен тікелей жұмыс жүргізеді. Осы әрекет теориялық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамдағы құқықтық сананың қалыптасуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда цифрландыру үдерісі де ТДМ 16 мақсаттарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаруда. ҚазҰУ білім беру процесіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы ашықтық пен қолжетімділікті арттыруға ықпал етуде. Электронды білім беру платформалары, онлайн курстар, цифрлық кітапханалар мұның барлығы білімнің сапасын арттырып қана қоймай, әділетті әрі ашық білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық ынтымақтастық та жоғарыда аталған мақсаттарын жүзеге асыруда маңызды құрал болып табылады. Білім ордамыз әлемнің жетекші университеттерімен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, бірлескен жобалар мен ғылыми зерттеулер жүргізуде. Бұл тәжірибе студенттердің құқықтық жүйелердің әртүрлі үлгілерін меңгеруіне, жаһандық деңгейде ойлауына мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған мақсат аясында білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын ұстанатын жаңа буын қалыптастыру. ҚазҰУ осы міндетті жүзеге асыруда білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, қоғамға саналы, кәсіби және адал мамандар даярлауда. ТДМ 16 тек мемлекеттік саясаттың бағыты ғана емес, ол әрбір азаматтың, әрбір білім беру мекемесінің ортақ міндеті. Осы жолда ҚазҰУ-дың атқарып отырған жұмысы айрықша. Университет білім беру арқылы әділетті қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосып, тұрақты дамудың маңызды тірегіне айналып отыр.
Г.Д. АНСАТБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
заң факультеті азаматтық құқық,
азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы
кафедрасының аға оқытушысы



