AI Sana – жасанды интеллект дәуіріндегі студенттік таңдау

AI SANA – студенттер мен жастарға жасанды интеллектіні дұрыс әрі тиімді қолдануды үйрететін заманауи бастама. Бұл жоба жасанды интеллектіні жай ғана дайын жауап беретін құрал емес, ойды жүйелеуге, шығармашылықты дамытуға және уақытты үнемдеуге көмектесетін серіктес ретінде пайдалануды көздейді. Яғни, AI SANA – болашақ мамандарды цифрлық дәуірге бейімдейтін маңызды жүйе.

Жасанды интеллект (ЖИ) тақырыбы ел деңгейінде де ерекше назарда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталды. Бұл Жолдауда мемлекет үшін жасанды интеллектіні дамыту, оны білім беру мен экономика саласына енгізу басты бағыттардың бірі ретінде айтылды.
Сонымен қатар, салалық министрліктер тарапынан да жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру жөнінде жиі айтылуда. Бұл бастамалардың барлығы Қазақстанның болашағын технологиямен байланыстыра отырып дамытуға бағытталған нақты әрекеттер.

Мен, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде журналистика мамандығының 2-курс студенті ретінде, Жолдауда көтерілген бағыттарды орынды әрі уақыт талабына толық сай деп санаймын. Бүгінде журналист тек мәтін жазумен шектелмей, цифрлық ортада еркін жұмыс істей алуы қажет. Себебі, журналист үшін тек ақпарат беру емес, оны терең түсініп, қоғамға заманауи форматта ұсыну маңызды. Осы тұрғыда біздің университет те заманауи үрдістерден шет қалған жоқ. Студенттер жасанды интеллектіні біртіндеп меңгеріп келеді. Олар оны мәтіндерді өңдеуде, идеяларын жүйелеуде, бейнематериалдарға сценарий дайындауда және визуалды контент жасау барысында тиімді қолдануда. Жасанды интеллектінің оқу процесіне табиғи түрде еніп, студенттердің шығармашылық және кәсіби дағдыларын дамытуда нақты үлес қосып жатқанын көрсететін айқын мысал.

AI SANA аясында Жетісу университетінде «AI SANA Жетісу университеті студенттерінің көзқарасымен» атты конкурс ұйымдастырылды. Аталған конкурс студенттердің ЖИ-ға деген көзқарасын, оны қалай қабылдайтынын және қалай қолданатынын шығармашылық форматта көрсетуге бағытталды. Осы конкурсқа мен де қатыстым. Менің мақсатым – AI SANA бастамасын тек сөз жүзінде емес, нақты әрекет арқылы көрсету болды. Конкурсқа ұсынған материалымда қазіргі студенттердің жасанды интеллектіні қалай қолданып жүргенін, оны оқу үдерісі мен шығармашылық жұмыстарында қалай тиімді пайдаланып отырғанын бейнематериал арқылы көрсетуді жөн көрдім. Бұл тәсіл бастаманың маңызын нақты мысалдармен ашуға мүмкіндік берді.

Бейнежобаны дайындау барысында идеяны ойластырудан бастап, толық монтаж жасауға дейінгі барлық кезеңнен өттім. Студенттермен сұхбат жүргізіп, олардың жеке пікірлері мен көзқарастарын бейнеформатта ұсындым. Видеода студенттердің жасанды интеллектіні көмекші құрал, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін және жаңа идеяларға жетелейтін заманауи технология ретінде қабылдайтыны айқын көрінеді. Бұл қазіргі жастардың жасанды интеллектке дайын екенін, оны қауіп емес, мүмкіндік ретінде көретінін көрсетеді.

AI SANA жобасының басты құндылығы – студенттерге технологияны саналы қолдануды үйретуінде. Жасанды интеллект студентті алмастырмайды, керісінше оның ойлау қабілетін кеңейтеді. Бұл жобада студент тек тұтынушы емес, өз идеясын жүзеге асыратын авторға айналады. AI SANA сияқты бастамаларды университет жастары арасында кеңінен дамыту қажет. Бұл болашақта бәсекеге қабілетті, технологиямен еркін жұмыс істей алатын, ойы ашық мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, AI SANA – уақытша тренд емес, болашақтың талабы. Жасанды интеллект дәуірінде өз орнын таба алатын, цифрлық қоғамға бейім жастарды тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеті. Себебі, болашақ жасанды интеллектпен сауатты жұмыс істей алатын, цифрлық қоғамда өз орнын таба білетін жастардың қолында. Жасанды интеллект зерттеушісі Джеффри Хинтон айтқандай, «Жасанды интеллект адамзатқа үлкен мүмкіндік әкеледі, оны қалай қолдану өз қолымызда». AI SANA бағдарламасы жаңа технологияны саналы, жауапкершілікпен әрі қоғам игілігі үшін пайдалануға бағытталуы тиіс.

Шырын РЫСБЕК, студент