Air Astana «Жас Қыран» жол гранттары бағдарламасының үш жылдығын атап өтуде

Air Astana әуе компаниясы талантты жастарға арналған жол жүру гранттары бағдарламасы – «Жас Қыран» бағдарламасының үш жылдық қорытындысын шығарды. 2023 жылдан бастап жол гранттарын 124 қазақстандық пайдаланды. Бағдарлама халықаралық жарыстарға, конкурстар мен олимпиадаларға қатысу үшін авиабилеттер ұсынады. Келесі жылдан бастап бұл бастамаға FlyArystan қосылғалы тұр.
«Жас Қыран» бағдарламасын Air Astana әуе компаниясы 2023 жылы компанияның әлеуметтік стратегиясының бір бөлігі ретінде іске қосты. Үш жыл ішінде бағдарламаға 364 өтінім келіп түсті. Өтінімдерді іріктеу берілген құжаттар негізінде жүргізіледі, бірақ қазылар алқасы үшін шешім қабылдауда ең маңыздысы үміткердің «Неліктен мен грант ала аламын» тақырыбына жазған уәждемелік бейнеролик болып табылады.
“Бағдарлама іске қосылған үш жыл ішінде біздің қатысушыларымыздың жеңістеріне қатысы бар екенімізді мақтан тұта аламыз, – деп атап өтті компаниялар тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел. – «Жас Қыран» жеңімпаздары біздің елімізді халықаралық аренада мақтанышпен және абыроймен танытуда, жыл сайын олардың саны артып келеді. Бағдарлама жақсы нәтижелер көрсетіп отыр, ол туралы барған сайын көбірек қазақстандықтар біліп жатады. FlyArystan бағдарламамызға қосылуы жобаның синергиясын едәуір арттырады және оның Қазақстанның болашақ ұрпағына ықпалын күшейтеді”.
“Біз “Жас Қыран” бағдарламасына қосылып, оның бүкіл Қазақстан бойынша жастарды қамтуы мен оларға қолжетімділігін кеңейтуде қуаныштымыз, – деп қосты FlyArystan компаниясының президенті Йохан Эйдхаген. – Біз үшін FlyArystan кең бағыттық желісінің арқасында бағдарлама еліміздің көптеген аймақтарын қамтып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды балаларға ел ішінде де, шетелде де маңызды іс-шаралар мен жарыстарға қатысуға көмектесе алатыны ерекше маңызды. Біз олардың ұмтылысын қолдап, Қазақстанды халықаралық сахнада танытуға көмектесуге әзірміз”.
«Жас Қыран» бағдарламасы 7-18 жас аралығындағы жастарға халықаралық конкурстарға, жарыстарға, олимпиадаларға қатысу үшін авиабилеттер ұсынады. Бағдарлама жеңімпаздары екі жаққа (әуежай алымдарын қоспағанда) тегін ұшумен, сондай-ақ бірге жүруші (ата-ана, қамқоршы, жаттықтырушы, мұғалім) үшін бір билетпен қамтамасыз етіледі. Өтінімдерді құрамында белгілі педагогтар, журналистер, қайырымдылық қорларының өкілдері бар тәуелсіз қазылар алқасы қарайды.




