Әйгерім Алтынбек миландық Ла Скаланы бағындырды

Әлемдегі ең танымал театрлардың бірі – аңызға айналған Ла Скалада «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Алтынбектің дебюті орын алды. Әнші италиялық композитор Сильвия Коласантидің «Анна А.» жаңа операсында бірден екі рөлді тамаша орындады.

Бұл екі есе тарихи оқиға. Біріншіден, бұл Ла Скаланың 245 жылдық тарихында әйел композиторға жазуға тапсырылған алғашқы опера. Екіншіден, басты опера сахнасына қазақстандық әнші шықты. Бір қойылымда Әйгерім Алтынбек екі ұлы ақын – Нина Берберова мен Марина Цветаеваға айналып, Анна Ахматованың трагедиялық тұлғасы төңірегінде шоғырланған тұтас бір дәуірдің үні болды.

Осынау аса күрделі әдеби-музыкалық көріністе Әйгерім Алтынбектің рөлі ең сан қырлы рөлдердің бірі еді. Оған А.Ахматованың тағдырында екі түрлі дауысты,   екі түрлі өмірді бастан кешіруге тура келді.

– Ла Скала сахнасында өнер көрсету – кез келген әртіс үшін арман әрі үлкен жауапкершілік. Бірақ осындай маңызды, тарихи жобаның бір бөлігі екеніңді түсінгенде  сезім мүлдем басқаша болады. Бұл Анна Ахматованың әлеміне, оның ортасына, билік жоюға тырысқан, бірақ ол тіріліп, одан сайын мықты бола түскен тұтас поэзия ғаламына терең бойлау болды, – деп пікірімен бөлісті Әйгерім Алтынбек.

– Нина Берберова мен Марина Цветаеваның рөлдерін орындау, ең алдымен, үлкен сынақ. Екі күшті, тәуелсіз, қайғылы әйел тағдыры. Н.Берберова – дәуір куәгері, естелік үні. М.Цветаева – құмарлықтың, азаптың және керемет қайраттың жинақталған мәні. Мен үшін әрқайсысының өз энергиясын, өз денесін табу маңызды болды. Сильвия Коласанти ішкі әлемді ашатын керемет музыка жазды.

Еске сала кетейік, «Астана Операның» жетекші солисі Әйгерім Алтынбек опера әлеміндегі ең беделді оқу орны – Ла Скала театры академиясында тағылымдамадан өтуде. Ол – көптеген халықаралық вокал байқауларының лауреаты. Осыған дейін Италиядағы опералық ән айту байқауының жеңімпаздар тізіміне енді, Моденадағы (Италия) Николай Гяуров атындағы Халықаралық опералық ән айту байқауында үшінші орын алды, көрнекті италиялық опера әншісі Мирелла Френи атындағы арнайы сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ Әйгерім әлемнің түкпір-түкпірінен 470 үміткер қатысқан Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал байқауында екінші орын алды. Әртіс Италияда өткен CLIP 2025 байқауында төрт марапатқа ие болып, керемет жеңісімен көзге түсті.