АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы америкалық компаниялардың Қазақстанның дамуына қосқан үлесіне арналған Freedom 250 корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жәрмеңкесін өткізді

АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы The Ritz-Carlton қонақүйінде Freedom 250 корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жәрмеңкесін өткізді. Іс-шара АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына және Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге америкалық компаниялар мен ұйымдар, сондай-ақ Қазақстанның бизнес саласының 300-ден астам өкілі, білім беру саласының мамандары, студенттер қауымдастығы, азаматтық қоғам және Алматы қаласы әкімдігінің -өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында 12 америкалық компания корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы нақты бастамаларын таныстырды. Олардың ішінде STEM пәндерінің мұғалімдерін даярлау, мыңдаған жергілікті кәсіпкерлердің дамуына жәрдемдесу, төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету және гуманитарлық қолдау, балалар мен мүгедектігі бар адамдарды қолдау, жергілікті университеттерде технология саласына қажетті мамандар даярлау, сондай-ақ табиғи су көздерін толықтыру жобалары бар.
Жәрмеңкені АҚШ-тың аға коммерциялық қызметкері Эндрю Гласс ашты. Ол америкалық компаниялардың ашықтық, тиімді корпоративтік басқару, жоғары еңбек стандарттары және жергілікті басшылықты дамыту қағидаттарына адалдығын атап өтті.
«Энергетика саласындағы жаңа серіктестіктерден бастап цифрлық технологиялар, қаржы, өндіріс және жасыл инфрақұрылым салаларына салынған озық инвестицияларға дейін америкалық компаниялар ұстанатын бір негізгі қағида : бизнестегі шынайы жетістікке жету үшін жергілікті қауымдастықтардың дамуына үлес қосу маңызды», деді Эндрю Гласс.
АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Питер Кауфман өзінің қортынды сөзінде жәрмеңкеге қатысқан америкалық компаниялар мен ұйымдардың Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі жергілікті қауымдастықтардың дамуына қосқан үлесін атап өтті
«Бүгінгі Freedom 250 корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жәрмеңкесі америкалық жеке сектордың жұмысы жауапкершілік пен құндылықтарға негізделгенсеріктестік үлгісін көрсетті. Америкалық компаниялар тек қаржы салумен шектелмейді. Олар Қазақстан халқының әлеуетін дамытуға да инвестиция салады», деп атап өтті Бас консул Кауфман.
АҚШ – 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін онымен дипломатиялық қатынас орнатқан алғашқы мемлекет. Содан бері АҚШ Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция құйып, елдің ірі шетелдік инвесторларының біріне айналды. Бүгінде Қазақстанда энергетика, көлік, цифрлық технологиялар, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында 600-ден астам америкалық компания жұмыс істейді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы алғаш рет рекордтық 7 миллиард долларға жетті.
АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Қазақстан Үкіметіне, Алматы қаласы әкімдігіне, Қазақстандағы Америкалық сауда палатасына (AmCham Kazakhstan) және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестеріне алғыс білдіреді.


