Алматыда еліміздің фермерлері мен тауар өндірушілерінің ет өнімдері ұсынылатын «Соғым FEST» тақырыптық жәрмеңкесі өтеді

2026 жылы 21-22 қарашада Алматы қаласында Шевченко көшесінің Пушкин және Қонаев көшелері аралығында Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Абай облыстарының тауар өндірушілері қатысатын ет өнімдерінің тақырыптық жәрмеңкесі өтеді.

Жәрмеңкеде 100 тоннадан астам ет өнімі, сондай-ақ 50 тонна ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде көкөністер, сүт және балық өнімдері, шұжық өнімдері мен бал ұсынылады.

Жәрмеңке Алматы тұрғындарына елімізде өндірілген табиғи әрі сапалы өнімдерді нарық бағасынан 10-15%-ға төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Іс-шара қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық өндірушілерден тұтынушыларға ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстар аясында ұйымдастырылып отыр.

Жәрмеңке екі күн бойы сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.

Алматы қаласының баспасөз қызметі