Алматыда көлікті тоқтатпай-ақ олардың шығарындыларын өлшейтін жүйе сынақтан өтіп жатыр

Алматыда пилоттық жоба аясында көлік қозғалысы кезінде автомобильдерден бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін қашықтан өлшейтін технология сынақтан өткізіле бастады. OPUS RSE жүйесі көлікті тоқтатпай-ақ пайдаланылған газ құрамындағы ластаушы заттардың нақты деңгейін анықтайды. Бұл туралы Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты.
Бұған дейін «Eco Almaty» ЖШС мамандары испаниялық OPUS компаниясымен автокөліктерге қашықтан экологиялық мониторинг жүргізу технологиясын енгізу мәселесін талқылаған.
Сынақ жүргізу үшін компания қаланың әртүрлі аудандарындағы жолға орнатылатын RSD6000 жылжымалы жабдығын ұсынды.
Өлшеу жұмыстары екі апта ішінде 12 күн бойы жүргізіледі. Жүйенің көлік қозғалысы әртүрлі қарқынмен жүретін жағдайда қалай жұмыс істейтінін тексеру үшін жабдықтың орналасқан жері күн сайын өзгертіледі. OPUS компаниясының өкілі техникалық қолдау көрсетіп, жабдықты калибрлеуді және алынған деректердің дұрыстығын тексеруді қамтамасыз етеді.
Сынақ қорытындысы бойынша мамандар автокөліктерден бөлінетін зиянды заттардың деңгейін талдап, көрсеткіштерді халықаралық деректермен салыстырады. Сондай-ақ қоршаған ортаны шамадан тыс ластайтын көлік құралдарын анықтау критерийлерін ұсынады.
Бұған қоса, тұрақты мониторинг жүргізуге арналған жабдықтарды орнатуға орындар белгіленеді.
Пилоттық жобаның нәтижесі технологияның тиімділігін бағалауға және Алматыдағы автокөліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін бақылау үшін алдағы уақытта қолдану мүмкіндігін анықтауға көмектеседі. Бұл ретте, пилоттық жоба тек зерттеу мақсатында жүргізіліп жатыр.
Алматы қаласының баспасөз қызметі



