Ақсу қаласында ұлттық ойын түрлері жанданды

Павлодар облысында тұңғыш рет ұлттық асық ату мен бес асық ойындарын біріктірген «Алтын сақа» фестивалі өтті. Шара 174 ойыншы қатысты. Турнирдің бас демеушісі әрі бастамашысы ERG құрамындағы «Қазхром» компаниясы болды.

Жарысқа қала және ауыл мектептерінен, сондай-ақ балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінен барлығы 29 команда қатысты. Ойыншылардың жас ерекшелігі 9 бен 15 жас аралығында.

Ақсу қаласы спорт және дене шынықтыру бөлімінің жетекшісі Ирина Косарева: «Бұл фестивальді ұйымдастыру барысында Павлодар облысында асық атуға арналған кілем жоқ екенін, тек Федерацияда ғана барын білдік. Бұдан былай Қазхромның демеушілігімен Ақсудағы спорт кешенінде өзіміздің жабдығымыз бар. Сонымен қоса компания дайындық жұмыстары мен жеңімпаздарды марапаттауға да қаражат бөлді»

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бүгінде ұлттық спорт түрлері жастар арасында кеңінен таралуда. Асық ату – қазіргі таңда кәсіби спорт түріне айналған қазақтың ұлттық ойыны. Оның үстіне бұл ойын ЮНЕСКО-да адамзаттың мәдени мұрасы ретінде танылған. Ұл балалар секілді асық атуға қыз балалардың да қызығушылығы зор.

«Қазхром» ТҰК» АҚ Бас директоры Сергей Прокопьев: «Саламатты өмір салты – компаниямыздың әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Біз бұл жерде спорттық бағдарламалар мен оларды қолдаулар арқылы тек қызметкерлерімізді ғана емес, олардың отбасыларын, қалаларымыздағы балаларды да қамтимыз.  Қазіргі таңда, балалар телефонға байланған заманында гаджеттер мен компьютерлерге балама жасау өте маңызды. Асық ату көп қаражатты қажет етпейді, әрі денсаулыққа пайдалы. Дәлдік пен ұсақ моториканы дамытуға септеседі. Одан бөлек, дәл осы ойынға «Қазхром»-ның өзге де филиалдарындағы жұмысшылардың қызығушылықтарын арттырғымыз келеді. Қазірдің өзінде іріктеу турлары өтіп, корпоративтік турнирге қатысатын командалар жасақталып жатыр»

Қатысуға ниет білдіргендердің көптігінен Ақсудағы турнир екі күнге созылды. Ойын Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайында өткен. Айта кетейік, бұл спорттық кешен де кезінде ERG-дің қаржылай қолдауымен тұрғызылған болатын. Бүгінде мұнда ересектер мен балаларды қосқанда үш мыңнан астам адам белсенді түрде қатысатын спорттың 11 түрінен секциялар өткізіледі.