Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті

Көрмеге 100-ге тарта тазы қатыстырылды. Тазы баптаушылар маңызды шара үшін облыстың түкпір-түкпірінен жетіпті.

Былтыр мемлекет басшысы президент іс басқармасына тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау аясында Ақтөбедегі ипподромда қазақы тазылардың көрмесі өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Бәйнешов қатысты.

Ақтөбе облыстық «Құмай тазы» федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, қазақы тазыларды сақтап қалу үшін бірнеше шара өткізіліп келеді.

«Ақтөбенің тазы жанашырлары болып, өзара жарыстарды өз деңгейінде өткізіп жүрміз. Былтыр күзде аңшылармен бірігіп, «Салбурын» ұйымдастырдық. Жалпы, республика бойынша Ақтөбе өңірі тазы баптау жағынан алдыңғы қатарда. Тазы ұстаушылар мен тазылардың саны көбейіп келеді. Бізге енді түрлі жарыстар өткізуде жүлде тағайындауға қолдау көрсетілсе екен дейміз», — дейді Жасұлан Жақсылықов.

Көрмеге Астана, Алматы қалаларынан арнайы кинология саласынан сарапшылар шақырылған. Мамандар тазылардың дене бітімін, аяқ сүйектерін, тісін, тырнағын байқап, қандарының тазалығына назар аударды. Барлық талапқа сай келгендері арнайы құжатқа ие болды. Құжат тазылардың FCI Халықаралық кинология федерациясының тіркеу кітабына енуінен бөлек, халықаралық иттер көрмесіне қатысуына мүмкіндік береді. Көрмеге қатысқан 80 иттің 50-і «жақсы» деген баға алды.

«Көрмеге қатысқан тазылардың бәрін сарапшылар жоғары бағалады. Біздің клуб қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде танытуды көздейді»,— дейді кинологиялық клуб жетекшісі Роза Доленко.