Алан Бөрібаевпен бірге жер жүзіне музыкалық саяхат

«Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың жаңа бағдарламасы – «80 минутта әлемді шарлау» опералық-географиялық концерті «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында 31 наурызда ұсынылады. Көрермендерді танымал маэстроның жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің, солистер мен хордың қатысуымен болатын музыкалық шытырман оқиғалар мен жаңалықтар атмосферасы күтеді.

Айта кетейік, Алан Бөрібаев әр маусымда «Астана Опера» тыңдармандарын бір-біріне ұқсамайтын жаңа шығармашылық жобалармен қуантып келеді. Мұндай концерттер – музыкалық туындылардың жоғары дәрежеде орындалуымен рақаттану мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ классикалық өнерге күтпеген әрі қызықты тұрғыда зер салу тәсілі болып табылады.

Кештің атауының өзі Жюль Верн кейіпкерлерінің шытырман хикаяларын еске салып, қызықты саяхат болатынына сендіреді. Десе де, оларға қарағанда, көрермендер жер жүзіне саяхатты небәрі 80 минуттың ішінде жасай алады және түрлі елдер мен құрлықтардың музыкалық атмосферасына енеді. Концерттің қайталанбас бағдарламасы опералардан танымал ариялар мен дуэттерді, әйгілі симфониялық туындыларды, сондай-ақ әлемде өте сирек орындалатын опустарды да қамтиды. Бұл концерт ғаламның сан алуандылығына бойлауға және ұмытылмас музыкалық оқиғаны бастан кешіруге мүмкіндік береді.

Жарқын әрі дарынды әртістердің, опера солистерінің арасында музыкалық саяхаттың сәнін келтіретін Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Қапонова, Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Мәдина Исламова, Әсем Сембина, Гүлдана Алдадосова, Назым Сағынтай, Мейір Байнеш, Медет Чотабаев, Азат Мәлік, Артур Габдиев, Саян Исин, сондай-ақ «Астана Опера» оркестрі мен хорының жоғары кәсіби ұжымдары бар.

Басталуы 18.00-де.