«Алатау» ансамблі Аустрияда өткен «Villacher Kirchtag» фестивалінде өнер көрсетті

Аустрия мемлекетінің оңтүстігінде орналасқан Филлах қаласында 2023 жылдың 4-6 тамыз аралығында «Villacher Kirchtag» атты дәстүрлі фестивальге К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы қатысты.

Фестивальде Мәдениет саласының үздігі Дастан Көрегеннің жетекшілігіндегі «Алатау» фольклорлық ансамблі, әншілер, Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Жанатбек Кәдіров және Жандос Омаров өнер көрсетті. Фестивальді 100 000 адам тамашалап, 40-қа жуық мемлекеттен 3000-ға жуық өнерпаздар қатысты.

▫️Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы, Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Вена қаласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі
Бақаев Әлібек Әсетұлы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сейітқасым Түктібаевқа Алғыс білдіріп, өнерпаздарды да марапаттады.

Филармония өнерпаздары Аустрияда 150 мың адам тамашалаған «Ұлттық киімдер шеруіне» қатысты

5 тамызда Аустрия мемлекетінің Филлах қаласының орталығында өткен 40 елдің өнерпаздары қатысқан 78-ші дәстүрлі фестивальдің жабылуына арналған «Ұлттық киімдер шеруін» 150 мың көрермен тамашалады.

Көк байрағымызды желбіретіп шеруге Қазақстан атынан қатысқан К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы «Атамекен», «Өз елім» және халық әндері мен елімізлің Әнұранын орындады.