Алматы халықаралық әуежайында Жұмысшыларға қызмет көрсету орталығының (ЖҚКО) ресми ашылу салтанаты өтті

Жаңа нысан әуежайдың ішкі инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Орталық, жұмысшылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ негізгі жұмыс үдерістерін цифрландыруға бағытталған.
Орталықтың ашылу салтанатына әуежай басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ Tigin компаниясының өкілдері қатысты. Шара қатысушылары орталықтың жаңа ғимаратымен және оның қызметімен танысты.
Жұмысшыларға қызмет көрсету орталығында (ЖҚКО) арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарын беру, есепке алу және сақтау, оларды қабылдау мен қалпына келтіру, сондай-ақ бөлімшелерге қоймалық және логистикалық қолдау ұйымдастырылған.
Барлық жұмыс үдерісі толықтай цифрландырылып, «My TAV-ALA» корпоративтік қосымшасы арқылы жүзеге асады. Қосымша арқылы жұмысшылар барлық қызметтің мәртебесін нақты уақыт режимінде қадағалап, компания жаңалықтары мен хабарламаларын алып, оқыту мен сауалнамалардан өте алады. Сонымен қатар, мұнда олар оқыс оқиғалар туралы хабарлап, тексерулерді бастай алады. Аталған қызметтер ашық есептілікті, еңбек қауіпсіздігі талаптары мен корпоративтік стандарттарға сәйкестікті, сондай-ақ әрбір қызметкер үшін жоғары деңгейдегі сервисті қамтамасыз етеді.
ЖҚКО – әуежайдың тұрақты жұмысын күн сайын қамтамасыз етіп жүрген жандарға деген қамқорлықтың айқын көрінісі және заманауи әрі жайлы еңбек жағдайларын жасау жолындағы маңызды қадамдардың бірі.



