Алматы қаласындағы педагогтар конференциясы: Қазақстан салауатты ұрпақты қалай тәрбиелеуде

Алматыда Nestlé for Healthier Kids жаһандық бастамасының бір бөлігі болып табылатын «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасына арналған халықаралық конференция өтті. Кездесуге Қазақстан, Өзбекстан, Грузия және Ресей елдерінен келген 130-дан астам қатысушы – педагогтар, білім беру саласының сарапшылары мен салалық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Іс-шараның басты назарында 2024–2025 оқу жылындағы жобаның қорытындылары мен Қазақстан мектептерінде бағдарламаны одан әрі дамыту қадамдары болды. «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасы елімізде 2013 жылдан бастап Nestlé компаниясы, Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы және Қазақ тағамтану академиясымен бірлесе жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама 500 мыңнан астам баланы және ел бойынша ондаған мектепті қамтыды. Жыл сайын оқушылар сабақтарда, квесттерде, экскурсияларда және байқауларда өз денсаулығына қалай қамқор болу керектігін үйренеді.
Жыл бойы бағдарламаға қатысушы жас өрендер ата-аналарымен бірге жыл ішіндегі түрлі іс-шараларға белсенді қатысты: «Nestlé. Салауатты балалар» жобасы аясындағы «Салауатты бастау» челленджіне және «Салауатты әрі бақытты ұрпақ тәрбиелейміз» атты фотобайқауға қатысты, аспаздық батлда пайдалы тағамдар дайындады, «Біздің дастархан» көрмесіне суреттер салды және супермаркеттерге экскурсия барысында пайдалы өнімдерді таңдауды үйренді.
Конференция барысында педагогтар өздерінің үздік тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың қызығушылығын арттырудың, сабақтарды әсерлі де мазмұнды етудің, сондай-ақ балаларды «дұрыс тағам үлесін» құрастыруға үйретудің тиімді тәсілдері туралы айтты. Өзбекстан, Грузия және Ресейден келген қонақтар өз елдеріндегі бағдарламаны іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, оны одан әрі жетілдіруге арналған жаңа идеялар мен ұсыныстарын ортаға салды.

Конференция аясында Қазақстан мұғалімдері арасында өткен Республикалық әдістемелер байқауының финалы ұйымдастырылды. Финалға өткен қатысушылар салауатты тамақтану негіздерін оқыту бойынша өздерінің авторлық әдістемелерін ұсынды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Nestlé үшін білім беру бастамаларын қолдау – бұл тұрақты болашаққа және келер ұрпақтың денсаулығына қосқан үлес. «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді: балалар тамақтану мен экологияға саналы түрде қарауды үйреніп келеді. Біз бағдарламаның аясын кеңейтіп, өңірдегі мүмкіндігінше көп оқушының салауатты әрі бақытты өсуіне жағдай жасай береміз», – деді Nestlé компаниясының Еуразия өңіріндегі басшысы Максим Щетин.
«Мектеп – өмір бойы сақталатын дағдылардың қалыптасатын орны. Біз балалардың ойлау жүйесінің өзгеріп келе жатқанын байқаймыз: олар өзіне және айналасына мұқият қарай бастады. Бұл – педагогтар, ата-аналар және бағдарлама серіктестерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі», – деп атап өтті Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының ақпараттық-баспа бөлімінің басшысы Татьяна Ежова.
«Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасын оқу процесіне енгізу сабақтарды барынша тәжірибелік және заманауи етуге мүмкіндік береді. Балалар тек тыңдап қана қоймай, өздері байқап көреді, талқылайды, қорытынды шығарады. Міне, бұл – тәжірибе арқылы үйретудің нағыз үлгісі», – деді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының бөлім басшысы Анар Досмұхамет.
Конференция аясында педагогтарға арналған арнайы тренингтер өткізілді. Қатысушылар XXI ғасыр балаларының физикалық, когнитивтік және психологиялық дамуының өзекті үрдістерін талқылап, қазіргі буын оқушыларын тереңірек түсінуді және әріптестер мен серіктестермен тиімді өзара іс-қимыл орнату тәсілдерін үйренді.



