Almaty Mount Fest фестивалінің екінші күні қалай өтті?!

Almaty Mount Fest 2023 аясындағы жарыстардың екінші күні өтті. Қатысушылар өздерінің төзімділігін сынап, «Молодежный» шыңын бағындырды, сондай-ақ, skyrunning — тауда жүгіруден шапшаңдығы мен ептілігін көрсетті. Осылайша, Фестиваль бағдарламасының спорттық бөлігі мәресіне жетті.

Skyrunning ұйымдастырушылары 3 шақырымнан асатын қашықтықтардың бағытын әзірлеген. Ең жоғарғы биіктік 2800 мнум, ал жарыс басындағы биіктік 2200 мнум болды. Жүгіру жарысы тау жолдары мен соқпақтарында өтті, жол бойында тасты шөгінділер де кездесті.

Бұл жарыста жеңіске жеткендер:

«Ерлер» санатында

1 орын – Pedro Vizuete, Испания

2 орын – Денис Власов

3 орын – Шыңғыс Байқашев

«Әйелдер» санаты бойынша

1 орын – Екатерина Сафонова

2 орын – Дарина Жанзакова

3 орын– Елена Даниленко

Қашықтықтардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жарыстың жалпы есептегі үздік уақыты бойынша анықталды. Қашықтықты берілген уақытта еңсерген әр қатысушы жүлдегер медаліне ие болды.

Альпиниадада қатысушылар түрлі тау рельефі арқылы өткен 11 шақырымнан астам қашықтықты бағындырды. Маршрут Тұйық-Су (2400 м), Мыңжылқы (3100 м) шатқалдары, Тұйық-Су альпинистер лагері (3500 м) арқылы өтіп, «Молодежный» шыңында (4147 м) мәреге жетті. Биіктіктердің ауысуы 2500 метрді құрады.

Дәстүр бойынша, альпиниаданы Алматы қаласының Альпинизм Федерациясы ұйымдастырды. Жарыстың бұл түрінің нәтижелерін фестиваль сайтынан көре аласыздар.

2 қазан күні Халықаралық іскерлік форум өтіп жатыр, ол Almaty Mount Fest 2023 бағдарламасын қорытындылайды. Жиында Андорра, Франция, Қырғыстан, Ресей, Грузия, Италия мен өзге елдерден жиналған қатысушылар, спикерлер, тәжірибелі сарапшылар тау туризмін дамытудағы жаңа мүмкіндіктер мен тәжірибелерді талқыға салады.