Алматы облысының жас шахматшысы Елназ Қалиахмет Азия чемпионатында күміс жүлдені иеленді

12-22 желтоқсан аралығында біріккен Араб Әмірліктерінің Аль-Айн қаласында шахматтан Азия чемпионаты өтті. Жарыста 41 мемлекеттен келген 625 шахматшы қатысып, қазақстандық жасөспірімдер 5 медальды иеленді. Алматы облысынан Елназ Қалиахмет, Ерсұлтан Қалиахмет, Алима Өмірсерік, Иманғали Ахилбай, Алихан Назарбек, Жансая Шолпанбек, Рамазан Тулеген қатысқан. Блиц түрінен 14 жасқа дейінгі категорияда Алматы облысынан Елназ Қалиахмет күміс жүлдесін жеңген. Он үш жастағы Елназдың шахматпен айналысып жүргеніне алты жылға жуық уақыт болған. Жастайынан ойын тастарына қызыққан Елназ еліміздегі үздік шахматшылар қатарына енген. Ел намысын қорғаған жасөспірімді аэропорттан туған-туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды.

«Жарысқа барлық мемлекеттер қатысты. Жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында блиц бойынша 2-ші орынды иелендім. Бәрі жақсы», — дейді Елназ Қалиахмет.

Халықаралық гроссмейстер Антон Филипповтың шәкірті Елназ Қалиахмет өткен айда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.