Алматы оқушылары мен студенттері Қытайдың мәдениеті мен технологиясын зерттеді

Алматыда «Қазақстан мен Қытай: дәстүр мен инновация жастар көзімен» атты мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған ауқымды конференция өтті.
Іс-шараның ұйымдастырушылары – «Лаоши» білім беру орталығы, М. Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникация университеті (ALT University) және «Бір белдеу, бір жол» ғылыми-білім беру орталығы.
Конференция ALT университетінің базасында өтіп, Алматының 30-дан астам мектебі мен 10 колледжінен келген 100-ден астам қатысушыны біріктірді.
Қазылар алқасының құрамына қаладағы жетекші қытайтанушылар, IT-компаниялардың өкілдері және Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері кірді.
Конференцияның ашылуында ALT университетінің ректоры Меруерт Жармағанбетова, ҚХР Бас консулдығының білім жөніндегі консулы Хуан Сяоминь, Қазақстан-неміс университетінің Халықаралық және аймақтық ынтымақтастық институтының директоры, «Бір белдеу, бір жол» сарапшылар клубының төрағасы Булат Сұлтанов, сондай-ақ «Лаоши» білім беру орталығының директоры Татьяна Каукенова құттықтау сөз сөйледі.
Конференция барысында алматылық мектеп оқушылары мен студенттер қазақстан-қытай қатынастарына, Қытайдың технологиялық және инновациялық жетістіктеріне, қазіргі әлемдегі дәстүрлі қытай мәдениетіне және қытай қоғамының даму ерекшеліктеріне арналған ғылыми зерттеу жұмыстарын ұсынды.
Қазылар алқасы жас зерттеушілердің баяндамаларының жоғары деңгейін және олардың тыңғылықты дайындығын атап өтті.
Конференция қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға дипломдар, сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Өткізілген іс-шара Қазақстанда осындай форматтағы алғашқы конференция болды. Оның ауқымы, ұйымдастырушылар мен сарапшылар құрамының деңгейі қазақстандық жастардың Қытайға, сондай-ақ қытайтану бағытына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Ұйымдастырушылар конференцияны жыл сайын өткізуге дайын екендіктерін білдірді.



