Almaty Quest: беларустық ойыншылар турнир жеңімпазы атануға үмітті

Баскетбол әлемінде 3х3 баскетбол спорт түрі күннен күнге танымал әрі қызықты болып келеді. Осы тұрғыда маңызды турнирлердің бірі оңтүстік астанамызда жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласында өткен “Almaty Quest” халықаралық турниріне әлемнің түкпір-түкпірінен командалар жиналып, Chengdu Masters Әлемдік туры жолдамасы үшін бақ сынасты.

“Almaty Quest” нағыз баскетбол жанкүйерлері үшін мерекеге айналды. Жарыс FIBA-ның барлық талаптарын ескере отырып жасалған арнайы жабдықталған кортта өтті.

Бүгін бізде БК “Минск”ойыншысы Максим Коратцовпен сұхбаттасудың бірегей мүмкіндігі туындады, ол турнирден алған әсерімен және баскетболға деген құштарлығымен бөлісті.

Максим, Алматыдағы бұл турнирден алған әсеріңіз қандай?

Бұл турнир мен үшін керемет өтті. Алматы жанкүйерлері тамаша атмосфера сыйлады. Жарыстың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Мұның бәрі бізүшін керемет спорттық рух сыйлады.

Командаңыз және осы турнирдегі нәтижелеріңіз туралы не айта аласыз?

Біз өз командамызбен мақтанамыз. Ұжымымызда тәжірибелі ойыншылар бар және жоғары деңгейде өнер көрсеттік деп білемін. Команда табандылық пен рухтың арқасында үшінші орынға ие болды. Бұл оңай болған жоқ, бірақ біз әр ойында барымызды салып өнер көрсеттік.

Жалпы турнирдегі мақсаттарыңыз қандай? Біреу жеңу үшін, біреу тәжірибе алу үшін, ал енді бірі жай бақ сынау үшін келеді.

Біздің мақсат – жеңіс. Беларусь 3х3 баскетболының жоғары деңгейде екенін көрсету және дәлелдеу үшін келді. Осы үшін аянып қалмаймыз. Қазақстандық ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Бізді шақырып, өз ойынымызды көрсетуге мүмкіндік сыйладыңыздар.

Турнирдегі бәсекелестік туралы не айта аласыз?

Бұл турнирдегі бәсеке өте жоғары. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген керемет командалармен күш сынастық және әрбір матч финал сияқты өтті. Дәл осындай турнирлер бізге ойыншы және команда ретінде өсуге мүмкіндік береді. Катардан келген команда сапында мықыт америкалық ойыншылар бар, ресейлік Руна көршілес елдің турнирлерінде үнемі жүлдеге еніп жүреді. Қазақстандық клубтар да осал емес. Осының бәрін ескере келе турнирдегі бәсекені қалай осал деп айтуға болады. Әрине жоғары деп айтамыз.

3х3 баскетболының болашағы туралы не ойлайсыз?

3х3 баскетболдың басты ерекшелігі — фавориттер жоқ. Кез-келген команда жеңіске жете алады. Бұл спорт түрі одан әрі дамып, танымал болатынына сенімдімін. Себебі, ойын принципі анағұрлым серпінді және қызықты. 3х3 баскетболы бүкіл әлемде өз жанкүйерлерін табатынына күмәнім жоқ..

Алматы сізге ұнады ма?

Иә, сөзсіз Алматы сұлу қала. Тұрғындары да қонақжай екен. Бұл менің Алматыға бірінші рет келуім. Қаланы араламасақ та, қаланың сұлулығына тәнті болдым. Болашақта міндетті түрде жақындарыммен бірге келемін!

Біз Максим Коратцовқа қызықты сұхбаты үшін алғыс айтамыз және оған болашаққа сәттілік тілейміз!