Алматыда EdCrunch X халықаралық конференциясы басталды
Білім саласындағы 350-ден астам сарапшы Алматыда білім саласындағы цифрлық технологияларға арналған EdCrunch X халықаралық конференциясында бас қосты. Бұл жылы шара білім алуға деген тең қолжетімділікті тақырып етіп алды. Қазақстандық ең ірі агроөндірістік AITAS холдингі екінші жыл қатарынан конференцияның ресми серіктесі атанып отыр. Холдинг осылайша білім саласын қолдаудың тұрақты болашақты қамтамасыз етуде ұжымдық шараларды қабылдауға, сонымен қатар инновациялық шешімдерді іздеуге қосылған үлес екенін көрсетуге ниетті.
Екі күні бойы 25 елден келген 5000-нан астам қатысушы білім алудағы тең қолжетімділік және білім берудегі жасанды сананы қолдану мәселелерін талқылайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара мақсаты – «ой сапасын сақтап қалу және кәсіби салада сұранысқа ие болып қала беру үшін өмір бойы жаңа дүниені танып-білуге деген құштарлықты қолдау».
Шараның ашылуында Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Оның айтуынша, білім алуға тең мүмкіндік беру мемлекеттің 2023-2029 жылдарға арналған білімді дамыту тұжырымдамасындағы сегіз басымдықтың біріншісі екен.
«Білім қолжетімділігі – бүкіл әлем бойынша көптеген елдің алдында тұрған мәселе. Тұрақты даму мақсаттарының аясында мемлекетіміз білім алуға тең мүмкіндік беруді қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай ауқымды міндеттемелерді мойнына алып отыр. Бұларды орындау үшін 6-7 жылымыз қалды. Сондықтан жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы Қазақстан қабылдаған тұрақты даму мақсаттары бойынша міндеттемелерді де қамтиды», — деп атап өтті ол.
AITAS холдингі 2019 жылдан бері ауыл мен қаладағы білім сапасындағы айырмашылықты қысқартумен айналысып келеді. AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаевтың айтуынша, білім алуға деген мүмкіндікті әр адамға қатар ұсыну тұрақты даму мақсаттарына тезірек жетуге көмектеседі және инклюзив қоғам құруға үлесін қосады.
«Білім алуда барлық адамға тең жағдай жасау – әлеуметтік әділдіктің орнауына септесу. Білім барлық адам үшін бірдей мүмкіндік тудыруда шешуші рөлге ие және мұнда олардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан шыққан ортасына немесе басқадай бір белгісіне қарамау керек. Білім бағытындағы экожүйе құруда бізге барша мүдделі тараптың басын қосқан жобалар аса маңызды. Осы жағынан алғанда холдинг бірнеше жылдан бері қолдап келе жатқан EdCrunch – елдегі ең үздік бастамалардың бірі», — деп атап өтті Серік Толықпаев.
Холдинг өкілдері білім алуда тең мүмкіндік тудыру Қазақстанның экономикалық өсіміне оң үлес қосады және экономикалық дамудың қозғаушы күші бола алады деген пікірде.
«Сапалы білім алуға деген тең мүмкіндік адамдарға қызмет жолында өсуге, кәсіпкер болуға, инновацияларды қолдануға қажет білім-дағды береді. Білімді азаматтар экономикалық өсім мен гүлденіске септігін тигізеді. Біз жастарға өзекті деген білім-дағдыны игеруге, жаңа тенденциялар мен технологияларды түсінуге көмектесетін білім жобаларын қолдаймыз», — дейді «Aitas KZ» АҚ бас директоры Руслан Ильницкий.
Конференция аясында цифрлық технологиялар, білім бағытындағы когнитив ғылым және нейробиология жетістіктеріне арналған барлығы 150 сарапшылар сессиясы, панельді пікірталас және шеберлік сыныбы өтпек. Сонымен қатар XXI ғасыр мен тұрақты даму дағдыларын дамыту үшін STEAM стратегиясына, білімдегі жасанды сананы қолдануға, заманауи әлемдегі медиа сауаттылыққа үлкен көңіл бөлінеді. Жыл сайын конференцияға мұғалімдер, ұстаздар, IT-компаниялар мен корпоративтік университеттердің басшылары, HR-директорлар мен и L&D-мамандар, сонымен қатар инвесторлар, кәсіпкерлер мен ата-аналар қатысады.