Алматыда кикшерингке арналған бірыңғай тұрақ картасы әзірленді

Қазақстандағы микромобильділік саласының жетекші операторы JET Алматы қаласында ортақ пайдаланылатын электрсамокаттарға арналған тұрақ кеңістігін басқарудың жаңа, орталықтандырылған моделіне көшкенін хабарлайды. Жоба Бірыңғай микромобильділік операторы (БМО) және Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығымен (ЖҚҰО) бірлесіп жүзеге асырылды.

Осы уақытқа дейін Алматыдағы электрсамокаттарға арналған тұрақ орындарын әрбір кикшеринг операторы өз бетінше белгілеп келді. Бұл тұрақтардың жүйесіз орналасуына, қайталануына және кейбір аумақтардың артық жүктелуіне әкелетін. Мәселені кешенді түрде шешу үшін кикшеринг индустриясы қала әкімдігімен цифрлық және инфрақұрылымдық бағытта тығыз ынтымақтастық орнатты.

Жобаның алғашқы кезеңінде барлық кикшеринг операторлары өздерінің сапарлар бойынша жинақталған «жылу карталарын» (heat map) ЖҚҰО-ға ұсынды. Бұл деректер қала көшелеріндегі нақты жүктемені жан-жақты талдауға және сұраныс жоғары нүктелерді анықтауға мүмкіндік берді. Урбанистика саласындағы үздік тәжірибелерді енгізу мақсатында жобаға шетелдік жетекші сарапшы тартылып, Алматыдағы көлік ағындарына тәуелсіз сараптамалық баға берілді. Осы талдау нәтижелері негізінде ЖҚҰО мен кикшеринг операторлары қала бойынша басым тұрақ орындарын айқындады.

Тұрақ орындарының жол белгілері салынар алдында JET мамандары БМО өкілдерімен бірге барлық нүктелерді жергілікті жерде аралап шықты. Бұл олардың қауіпсіздігін жеке тексеруге мүмкіндік берді. Жаяу жүргіншілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға немесе балалар арбасымен жүретін ата-аналарға кедергі келтіруі мүмкін тұрақ орындары анағұрлым қолайлы әрі қауіпсіз жерлерге ауыстырылды.

Осы ауқымды жұмыстың нәтижесінде Алматы қаласының Бірыңғай тұрақ картасы әзірленді. Енді барлық кикшеринг операторлары тек осы картаға сәйкес жұмыс істейді. Бұдан былай жаңа тұрақ орындарын өз бетінше орналастыру техникалық тұрғыдан мүмкін емес — әрбір жаңа нүкте міндетті түрде қаламен келісуді талап етеді. Сонымен қатар, аталған жұмыстар толықтай кикшеринг операторларының қаражаты есебінен қаржыландырылды, бюджет қаражаты пайдаланылған жоқ.

«Біз микромобильділік тек жылдам ғана емес, қала тұрғындарының барлығы үшін – электрсамокат пайдаланушылары мен жаяу жүргіншілер үшін де ыңғайлы болуы тиіс деп есептейміз. Бірыңғай тұрақ желісін құру және операторлардың жол таңбаларын салуға инвестиция салуы – Алматыда өркениетті қалалық ортаны қалыптастыруға қосқан үлесіміз әрі мегаполистің экологиялық болашағына жасалған маңызды қадам», – деді JET компаниясының ТМД елдері бойынша операциялық жетекшісі Алимхан Сансызбай.