Алматыда Қытай студенттері арасында Құрбан айтқа арналған «Алма кубогы» футбол турнирі өтті

Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы Құрбан айт мерекесі қарсаңында консулдық округте білім алып жүрген қытайлық ұлттық азшылық өкілдері – студент жастардың қатысуымен «Алма кубогы» атты футбол турнирі мен спорттық-ойын-сауық шараларын ұйымдастырды. Іс-шараға 100-ге жуық студент қатысты.
Мерекелік кездесуге ҚХР Бас консулының орынбасары Люй И қатысып, студенттерді Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығы шетелде білім алып жүрген жастардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына әрдайым көңіл бөлетінін атап өтті.

Сонымен қатар ол жастарды алға қойған мақсаттарынан таймауға, сапалы білім алып, болашақта Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына үлес қосуға шақырды.
Шара жылы әрі достық атмосферада өтті. Футбол алаңында төрт команда өзара бақ сынаса, алаң сыртында қатысушылар ұлттық ойындар мен түрлі спорттық белсенділіктерге қатысты. Студенттер белсенді демалып қана қоймай, бір-бірімен жақынырақ танысып, жаңа достар тауып, туған елдің қолдауын сезінді.
Іс-шара соңында студенттер ұйымдастырушыларға алғыс айтып, алдағы уақытта да білім мен даму жолында аянбай еңбек етіп, өз елінің өркендеуіне үлес қосуға ниетті екендерін жеткізді.




