Алматыда Мажарстан мәдениетіне арналған Кубик Рубик кеші өтті

Алматыда Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Мажарстанның Алматыдағы Бас консулдығы ұйымдастыруымен әйгілі Кубик Рубикке арналған танымдық кездесу өтті. Іс-шара қазақстандық және мажар мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Кездесудің басты қонағы — мажарстандық профессор Габор Слезак. Ол қатысушыларға әлемдегі ең танымал интеллектуалдық басқатырғыштардың бірі саналатын Кубик Рубиктің пайда болу тарихы, оның ғылым, білім беру және логикалық ойлауды дамытудағы рөлі туралы баяндады.

Ол Кубик Рубикті тез құрастыру бойынша Мажарстанның екі дүркін чемпионы. Ал 2025 жылы ұлттық рекордты жаңартып, елдегі ең жылдам көрсеткіштердің бірін тіркеген. Қатысушылар чемпионмен еркін пікір алмасып, кәсіби спидкубинг туралы қызықты мәліметтер алды.

Профессордың айтуынша, мажар сәулетшісі әрі оқытушысы Эрнё Рубик ойлап тапқан бұл басқатырғыш бүгінде тек ойын ғана емес, бүкіл әлемдегі білім беру жүйесінде қолданылатын тиімді құралға айналған. Кубик Рубик математика, кеңістіктік ойлау және шығармашылық қабілеттерді дамытуға ықпал етеді.

Кездесу барысында қонақтар атақты өнертабыстың тарихына қатысты қызықты деректермен танысып, Кубик Рубикті жылдам құрастыру бойынша шағын сайыстарға қатысты. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыстады.

Іс-шара аясында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызы да ерекше аталып өтті. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер екі халықтың өзара байланысын күшейтіп, жастардың ғылым мен интеллектуалдық мәдениетке қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Кубик Рубик бүгінде Мажарстанның әлемге танылған символдарының біріне айналған. 1974 жылы жасалған басқатырғыш бірнеше онжылдық бойы өзектілігін жоғалтпай, әлемдік поп-мәдениет пен білім кеңістігінің ажырамас бөлігі ретінде танылып келеді.