Алматыда Шамдар фестивалі аталып өтті

Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығы «Көктем мерекесін қарсы алу» шамдар фестиваліне орай кешін өткізді.

Қытай халқының ерекше мерекелерінің бірі шамдар фестиваліне орай ұйымдастырылған арнайы шараға 350-ден астам қонақ, оның ішінде қытайлық қандастар, студенттер, консулдық округ аумағында орналасқан Қытай кәсіпорындарының өкілдері, Алматы қаласында тіркелген әкімдік, мәслихат және дипломатиялық өкілдіктердің мүшелері, сондай-ақ жергілікті мәдениет қайраткерлері, ғалымдар және журналисттер қатысты.

Бас консул Цзян Вэй шара қонақтарын аса құрметпен қарсы алып, екі ел арасындағы ынтымақтастық байланысты нығая түскенін айтты:

«Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 жылдық дипломатиялық қатынас арқасында түрлі салалардағы қатынастардың дамуын байқап келеміз. Екі ел басшыларының маңызды жобаларын жүзеге асырып, барлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтуының арқасында «Бір белдеу — бір жол» бірлескен құрылысының сапалы дамуына ықпал етіп, достықты тереңдетуге тынымсыз күш салуы басты назарымызда. Ұлы Абай ақынның «Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді? » деген сөзін тілге тиек етіп, мен баршаңызға келіп жеткен Жаңа Жыл мен Көктем мерекесімен құттықтаймын»

Мерекелік шара өткен салтанатты сарай түрлі-түсті шамдармен безендіріліп, қандастар мен қазақстандық студенттердің қатысуымен концерт өтіп, тәтті тағам дайындау бойынша мастер класс дәрісі ұйымдастырылды. Шара қонақтары үшін әр түрлі қызықты ойындар ұсынылып, жұмбақтар шешу бойынша жарыс өтті. Барлық қонақтарға кеш соңында шамдар мерекесіне орай келген қонақтарға естелік сыйлықтар таратылды.