Алматыда «Жасыл көлік апталығы» басталды

Алматы қаласының орталығындағы Панфилов көшесі ерекше келбетке енді. Әуезді әуен, жасыл безендірулер мен балалардың шат күлкісі қала тұрғындарын экологиялық бастамаға шақырды. Мұнда «Алматы жасыл көлік апталығы» ресми түрде ашылды.

Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігі, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығы және “Yutong” компаниясы бірлесіп ұйымдастырды. Сонымен қатар Алматы еріктілер альянсы мен «Қазақстан өнеркәсібі» газеті де серіктес болды. Негізгі мақсат – қала тұрғындарын экологиялық көлікке баулу және төмен көміртекті өмір салтын насихаттау.

Көрмелік аймақта «велосипед пластик ұсақтағышы», «пластикті қайта өңдеу шеберханасы», балаларға арналған экосурет қабырғасы және VR технологиясына негізделген интерактивті алаң жұмыс істеді. Қатысушылар жасыл тақырыптағы викторинаға қатысып, қоғамдық көлік карталарын ұтып алды.

ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй:

«Қытай мен Қазақстан – көршілес әрі сенімді серіктестер. Біздің бірлескен даму философиямыз ұқсас. Президент Си Цзиньпин айтқандай: «Жасыл тау мен мөлдір су – шын мәнінде алтын қазына». Бүгін біз «Таза Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, болашаққа жасыл көпір салудамыз»

Алматы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Мәдиар Қожекенов те бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Таза Қазақстан» бастамасын көтеріп, ол бүкіл ел бойынша қолдау тапты. Бүгінде әрбір тұрғын экологиялық жауапкершілікке үлес қосуда. «Жасыл көлік апталығы» – соның айқын дәлелі»

“Yutong” компаниясының Орталық Азия аймағы бойынша бас менеджері Ли Хайфэн:

«Алматыда біздің екі қуат көзді троллейбустарымыз жұмыс істеп тұр. Олар тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы жол жүруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біз әкімдікпен бірлесе отырып, жаңа энергия көздеріне негізделген автобустарды және смарт-транспортты енгізуге күш саламыз»

«Экология – тек ұран емес, ол күнделікті әрекеттен басталады. Осындай шаралар тұрғындарды нақты өзгерістерге тартудың тиімді жолы», – деп Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисов та экологиялық бастаманың тұрғындар белсенділігіне тәуелді екенін тілге тиек етті.

Апта бойы қаладағы бірқатар автобекеттерде де түрлі шаралар жалғасып, тұрғындарға экологиялық көліктің артықшылықтары мен қоғамдық көлік мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілмек.

Telegram-канал: Алматыда «Жасыл көлік апталығы» басталды