«Алматым – бақ мекенім»

Алматы қаласы күні мерекесі аясында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Алматым – бақ мекенім!» атты тақырыптық көрме өтті.

Қазақ әдебиетінің өркендеуіне зор үлес қосып, халықтың жүрегінен ерекше орын алған көрнекті қаламгерлер Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Алматы қаласында қызмет етіп, шығармашылық шабытын тауып, отбасын құрып, көптеген құнды туындыларын дүниеге әкелді. Екі классик те ару қаланы айрықша құрметтеп, өмірлерінің маңызды сәттәрін осы қаламен бөліскен.

Бұл көрме – қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының өмірі арқылы Алматының мәдени болмысын тануға мүмкіндік беретін маңызды шара болды.

Экспозицияда музей қорынан алынған  фотоматериалдар қойылды. Көрмеде жазушылардың Алматының көркем орындарында түсірілген жеке және отбасылық суреттері, әйгілі әдебиет өкілдерімен түскен тарихи фотолар, Сәбит Мұқановтың 1948 жылы жазылған «Алматының көшесі» өлеңі, сондай-ақ қалаға қатысты кітаптар мен фотоальбомдар жұртшылық назарына ұсынылды.

Көрмені қала тұрғындары мен қонақтары, Жоғары медициналық колледжінің студенттері мен оқытушысы келіп тамашалады. Сондай-ақ студенттер қала күніне арнап белгілі ақын-жазушылардың өлең шумақтарын оқыды.

Аяужан БОЛАТҚЫЗЫ,

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

музей кешенінің Экскурсия жетекшісі