Алматыны алма баққа айналдырсақ…

Фото: ашық дереккөз

Өзіміз өмір сүріп отырған Алматы қаласының болашағы тек жаңа ғимараттар мен аумағының кеңеюімен ғана өлшенбейді. Қаланың ең басты байлығы – таза ауасы, жасыл желегі, тұрғындарының өмір сүруге жайлы ортасы. Алдағы 10-15 жылда Алматы қаласы кемі 4 миллионға жуық тұрғыны бар алып шаһарға айналары сөзсіз. Осы ретте халық саны өсіп, көлік көбейген сайын ауа сапасы, жасыл желекті сақтау, қала ішіндегі табиғи жел айналымын қамтамасыз ету мәселесі бұрынғыдан да маңызды бола түсері анық. Сондықтан да қаланың 2040 жылға дейінгі даму жоспарында бұл мәселелерге ерекше мән беріліп отыр. Болашақ Алматы тек биік ғимараттары көп мегаполис қана емес, өмір сүруге қолайлы, экологиялық тұрғыдан орнықты қала болуы тиіс.

Таза ауа – ортақ жауапкершілік

Алматы ауасының сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі  автокөлік қозғалысы. Сондықтан қоғамдық көлікті экологиялық таза транспорт түрлеріне көшіру, жеке автокөлікке тәуелділікті азайту қаланың экологиялық жағдайын жақсартудың маңызды тетігі.

Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынды. 2023-2025 жылдары қаланың қоғамдық көлік қатарына 2940 экологиялық талаптарға сай автобус енгізілсе, биыл тағы 50 электробус сатып алынды. Алдағы уақытта газбен және электр қуатымен жүретін тағы шамамен 250 автобус алу жоспарланған.

Мұнымен қатар метро желісін ұзарту, жеңіл рельсті көлік – LRT желісін дамыту, Sky Train жобасын жүзеге асыру да күн тәртібіне қойылып отыр. 2030 жылға қарай BRT желісін 131 шақырымға, LRT-ны 31,3 шақырымға, метро желісін 40,4 шақырымға жеткізу жоспарланған. Мұның барлығы қала тұрғындарының қоғамдық көлікке көбірек жүгініп, жеке автокөліктер санын азайтуына мүмкіндік бермек.

Фото: Алматы әкімдігі

Фото: Алматы әкімдігі

Есеп бойынша, бұл шаралар жүзеге асқан жағдайда жеке автокөлік қозғалысы 25 пайызға дейін қысқарып, зиянды шығарындылар жылына 28 мың тоннаға азаюы мүмкін.

Қаладағы жылу энергетикасы нысандарын жаңғырту да экологиялық ахуалға әсер етеді. Мәселен, ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру нәтижесінде Алматы электр станцияларының жылдық шығарындылары 54,4 мың тоннадан 7,8 мың тоннаға дейін төмендейді деп күтілуде.

Әрине, қаланың ауасын тек әкімдік пен коммуналдық қызметтер тазарта алмайды. Бұл – баршаға ортақ мәселе. Алматы көшелерімен жүретін әрбір көлік, оның техникалық жағдайы, қозғалтқышының экологиялық деңгейі қала ауасына әсер етеді.

Пандемия кезіндегі жағдай да осыны көрсетті. Шаһарымызда көлік қозғалысы күрт азайған кезеңде қала ауасының айтарлықтай тазарғаны байқалды. Демек, көлік қозғалысы мен ауа сапасының арасында тікелей байланыс бар.

Сондықтан Алматының ауасын жақсарту тек жаңа автобустар сатып алумен немесе жаңа жол салумен шектелмеуі керек. Қалаға кіріп-шығатын, күн сайын оның көшелерімен жүретін әрбір көлік иесі де ортақ жауапкершілікті сезінгені жөн.

«Алматының бағы қандай… Алмасының…»

Алматының тағы бір артықшылығы – Алатаудың етегіндегі жасыл желекке оранған тұмса табиғаты. Биылғы жылы қалада шамамен 500 мың көшет отырғызылып, 6,5 мың ірі ағаш егілді. Бұл – шаһардың жасыл қорын толықтыруға бағытталған ауқымды жұмыс.

Бірақ осы жерде бір ұсыныс айтқымыз келеді. Егер жыл сайын отырғызылатын 500 мың көшеттің жарты бөлігін алма ағаштарына бағыттасақ, Алматының атымен бірге әлемге танылған апорт алмасын қайтадан қаланың табиғи брендіне айналдыруға мүмкіндік бар емес пе?

Қала көшелеріндегі қураған, тұрғындардың жүріс-тұрысына қауіп төндіретін қарағаштардың орнына кезең-кезеңімен алма ағаштарын отырғызу жұмыстары қолға алынса, бірнеше жылдың ішінде Алматының келбеті де өзгере түсер еді. Даңғылдардың бойында, саябақтарда, аулаларда алма ағаштарын көбейтуге мүмкіндік мол. Әрине, бұл бір күнде жүзеге асатын шаруа емес. Бірақ бүгін егілген көшет бірнеше жылдан кейін жеміс беріп, қаланың ажарын айшықтайтын мәуелі ағашқа айналары сөзсіз.

Көктемде Алматының әр көшесінде алма ағаштары жұпар аңқып гүлдеп тұрса, жазда жасыл жапырақтары қаланы саяға бөлесе, күзде бұтақтары алқызыл, сары алмаға толса… Сонда Алматыға сырттан келген адамдар да, туристер де бұл қаланың атауының тегін қойылмағанын табиғаттың өзінен-ақ сезінер еді.

Бұл жай ғана көркем қиял емес, қаланың тарихи атауын табиғи ортамен ұштастыратын ұсыныс. Алматының өзіндік келбетін қалыптастыруда жаңа ғимараттармен қатар осындай қарапайым әрі мағыналы табиғи ерекшеліктердің де орны бөлек. Алматының болашағын таза ауамен, алма бақтарымен байланыстыру қалаға деген тұрғындардың махаббатын нақты іске айналдырудың бір жолы деп түсінгеніміз абзал.

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ