Қорлан – ұлт жүрегінің үні

Қазақ руханияты тағы бір жаңа көркем туындымен толыға түспек. 2026 жылдың 26-27 қыркүйегінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Qorlan» атты тарихи-драмалық қойылымның премьерасы өтеді. Көрерменге жол тартқалы отырған бұл туынды белгілі әнші әрі ақын Естай мен аңызға айналған Қорлан арасындағы кіршіксіз махаббат хикаясын сахналық кеңістікке алып шығады.
Алайда «Qorlan» қойылымын тек қос ғашықтың тағдырын баяндайтын махаббат дастаны деп қабылдау аздық етеді. Спектакльде бір адамның басындағы оқиға арқылы тұтас ұлттың тағдыры, халықтың тарихи жады, нәзіктік пен қайсарлықтың астасуы көркемдік тұрғыдан зерделенеді. Осы тұрғыдан алғанда, қойылымның өзегінде күрделі психологиялық драма жатыр.

Қорлан – бір адамның аты. Бірақ сахнадағы Қорлан бейнесі арқылы мыңдаған ананың, жардың, қыздың, жалпы қазақ әйелінің үні естіледі. Оның тағдырынан халық басынан өткерген алмағайып кезеңдердің ізі байқалады. Аштықтың зары, қуғын-сүргіннің ащы қасіреті, соғыстың қаралы шері – барлығы да нәзік жанды әйелдің тағдырымен астасып жатады.
Дегенмен Қорлан – тағдыр тауқыметіне мойынсұнған әлсіз бейне емес. Ол – жаны жүдесе де, рухы мұқалмаған, қандай сынаққа тап болса да ішкі беріктігін жоғалтпаған қазақ әйелінің жинақталған бейнесі. Сондықтан қойылымдағы Қорлан тағдыры жеке адамның өмірінен әлдеқайда кең ұғымды аңғартады.
Естай мен Қорланның арасындағы махаббат та осы кең аяда көрінеді. Кіршіксіз сезімнің өзі уақыт пен қоғамның түрлі сынағына түсіп, адам тағдырының күрделілігін ашады. Сахнада махаббат пен сағыныш, арман мен өкініш, үміт пен қасірет қатар өріліп, көрерменді өткенге көз жүгіртуге жетелейді.

Қойылымның басты ерекшелігі де осында. Мұнда бір ғана қыздың махаббаты емес, тұтас ұлттың жүрегі сөйлейді. Қорлан бейнесі арқылы халықтың өткені еске алынып, бүгінгі ұрпақтың тарихи жадына ой тасталады. Сонымен бірге қандай кезеңде де адам бойындағы үміт пен рухтың жоғалмауы керектігі көркем түрде жеткізіледі.
«Qorlan» қойылымының шығармашылық тобын режиссер Арухан Заханова бастап отыр. Қоюшы суретші – Қуаныш Батырханов, костюм суретшісі – Асель Лукпанова. Пластика режиссері – Адлет Таменов. Қойылымның композиторы – Дидар Исахан. Театрдың директоры – Мақсат Қапалбайұлы Нуралиев.
Тарихи тағдыр мен адам сезімін тоғыстырған жаңа қойылымның алғашқы көрсетілімі 26-27 қыркүйек күндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді. Басталуы – сағат 18:30.

«Qorlan» – өткеннің мұңын ғана емес, сол мұңнан сүрінбей өткен халықтың рухын сахна тілімен жеткізуге ұмтылған жаңа туынды. Естай мен Қорланның махаббат хикаясы арқылы көрермен алдында бір адамның ғана емес, тұтас дәуірдің, тұтас халықтың тағдыры ашылмақ.



