Аңыз адам Асанәлі Әшімов дүниеден озды

Қазақ өнері қара жамылды. Еліміздің кино мен театрының аңыз тұлғасы, көрнекті актер және режиссер Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Қаралы хабарды мәдениет саласының өкілдері растады. Асанәлі Әшімовтің есімі ондаған жылдар бойы ұлттық өнердің биік деңгейі мен кәсіби шеберліктің символына айналды. Оның шығармашылығы бірнеше ұрпақтың рухани қалыптасуына зор ықпал етті.

 Журналист Диас Нұрақын Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында қаралы хабармен бөлісті:

«Театр және кино тарланы, күллі қазақтың ақсақалы Асанәлі Әшімов мәңгілік мекеніне аттаныпты. Иманы жолдас болсын»

Премьер-министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қайғыға байланысты көңіл білдірді: 

“Ардақты ағайын!

Ұлт руханиятының абыз ақсақалы, қазақ мәдениетінің алып тұлғасы Асанәлі Әшімов ағамыз келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды. Барша алаш жұртына, ағамыздың әулеті мен ағайын-бауырларына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтамын.
Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Асанәлі ағамызбен бірге тұтас бір дәуір өткендей. Ерек талантымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерін бір биікке көтеріп, қалың қазақтың қадірлісіне айналды. Көпжылдық еселі еңбегі үшін Президентіміздің қолдауымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.
Мен де ағамызбен етене жақын араласып, сыйлас-сырлас болдым. Әкемнің көзін көріп, дәмдес болғанын жиі айтып отыратын. Айналасына қамқор, кісілігі мен кішілігін сақтаған, жүрегі кең жан еді.
Бар ғұмырын қазақ театры мен кино өнерінің өсіп-өркендеуіне арнап, соңында соны соқпақ, өшпес із қалдырды. Көптеген талантты жасқа қолдау көрсетіп, үлгі-өнеге болды.
Асылдардың көзіндей, алыптардың сөзіндей болған өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз.
Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын!”

Асанәлі Әшімов 1937 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Өнер жолын студенттік шағынан бастаған ол кино мен театр сахнасында көптеген есте қаларлық бейнелерді сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Өмірінің әр кезеңінде ол актер ғана емес, режиссер, ұстаз ретінде де ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Талай жас өнерпазға бағыт-бағдар беріп, ұлттық актерлік мектептің қалыптасуына еңбек сіңірді.

Асанәлі Әшімов — КСРО халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, көптеген жоғары марапаттардың иесі. Оның жарқын бейнесі мен бай шығармашылық мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Марқұммен қоштасу рәсімі 23 желтоқсан сағат 10:00-де Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрында өтеді.

Nazarmedia.kz ақпараттық агенттігінің ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына сабыр тілеп, қайғыра көңіл айтады. Марқұмның жатқан жері жайлы болсын! Бақұл болыңыз, аңыз адам!