АПВ-ға қарсы қосымша иммундау

Жатыр мойны обыры – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 2000-ға жуық жаңа жағдайы тіркеліп, 600-ге жуық әйел адам қайтыс болады. Оның негізгі себебі – адам папиллома вирусының (АПВ) қауіпті түрлері. 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын адам папилломавирусы (АПВ) тудырады.

АПВ – кең тараған өте жұқпалы вирустардың тобы, адамнан адамға оңай беріледі. Адамдардың шамамен 80% өмірінің белгілі бір кезеңінде АПВ жұқтырып алады.

Таралуы инфекция түскен терімен, шырышты қабаттармен тікелей  жанасу кезінде орын алады. Жолдары:

  • тұрмыстық жанасу (қол алысу, сүйісу, терідегі зақымдар);
  • жыныс жолы;
  • босану кезінде (анадан балаға);
  • өзін-өзі жұқтыру (қырыну, эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші жеріне).

АПВ-ға қарсы алғашқы вакцина 2006 жылы тіркелген. Әлемде 135 ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізді. Орталық Азия бойынша көрші Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан елдері де вакцинацияны енгізген.

Вакцина енгізілген елдерде ЖМО-мен ауру қаупі 70-90%, тік ішектің қатерлі ісігімен ауру қаупі 77%, ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің қатерлі ісігімен ауру қаупі 96-99%-ға төмендеді.

«2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес АПВ қарсы екпе 11 жасқа толған қыздарға жасалады. Вакцинация 2 кезеңде ата-аналардың келісімімен жүргізіледі, 2-ші доза 6 айдан кейін салынады. Қосымша иммундаумен 12-13 жастағы қыздар да АПВ қарсы екпемен қамтылуда. Бүгінгі күні АПВ ға қарсы екпемен 11 жастағы 9425 қыз, 12-13 жастағы 3989 қыз 1-дозамен, 11 жастағы 5067 қыз, 12-13 жастағы 3513 қыз 2-дозамен қамтылды»,– деп атап өтті Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары Индира Кунбасова.

Бүгінде толықтыра 14-17 жастағы қыздар да АПВ-ға қарсы екпені тегін алып, жатыр мойны обырынан қорғана алады. Вакцинация 3 кезеңде жүргізіледі, 2-доза – 2 ай, 3-доза – 6 айдан кейін салынады. Бүгінгі күні 1 дозамен 3310, 2-дозамен 344 14-17 жастағы қыздар қамтылды.

Жалпы алғанда облыста вакцинация басталғалы 11-17 жастағы 16724 қыз екпемен қамтылды. Қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, вакцина дәрігердің қарауынан кейін ғана енгізіледі. Қарсы көрсетілімдер өте сирек кездеседі.

Бұл вакцина мектептерде, емханаларда жасалады. Вакцина суспензия түрінде болады, ол толығымен пайдалануға дайын және қосымша еріткіштерді қажет етпейді. Вакцина 0,5 мл дозада иықтың дельта тәрізді бұлшықет аймағына енгізіледі.

ЖМО-нан қыздарыңызды қорғау үшін АПВ-на қарсы вакцина салдырыңыздар!