ARCHICA 2026 қорытындысы: Астана екі күнге әлемдік сәулет зертханасына айналды

Елордада ARCHICA 2026 халықаралық форумы өтті. Заманауи қалалардың қалай жобаланатынын, қалай өмір сүретінін және қалай өзгеретінін қайта пайымдау мақсатында ұйымдастырылған алаңға 60-тан астам спикер, 70 серіктес және 300 қатысушы жиналды.
Форум қатысушылары мегаполистерді дамытудың озық тәжірибелері мен әлемнің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылған жобаларды талқылады. Бұл ретте іс жүзінде тақыр жерден бой көтерген жас елорда — Астана феномені батыл қала құрылысы шешімдерінің жарқын үлгісі ретінде қарастырылды.
Форум бағдарламасы екі негізгі бағытқа құрылды: Shaping Identity (қалалардың өзіндік келбетін қалыптастыру) және Living Identity (қала кеңістігінің тұрғындардың күнделікті өміріндегі орны).
Бір алаңда ATELIER BRÜCKNER, Zaha Hadid Architects, Chapman Taylor, Mangera Yvars, RSP Dubai, SYBARITE, IND, Foster+Partners, ARUP және басқа да жетекші халықаралық сәулет бюроларының өкілдері бас қосты. Қазақстан атынан Lenz Architects, Dan&Partners және Ras Group қатысты. ARCHICA 2026 форумына алғаш рет бүгінде нарықта жетекші орын алатын ірі девелоперлік компаниялар да қатысты. Олардың қатарында Tumar Group, Ulytau Group, NAK, SAT-NS, «Оливия» және Verum бар.
Форумда практикалық жұмысқа ерекше назар аударылды. Barker Langham ұйымдастырған воркшопта қатысушылар мәдени мастер-жоспарлау үдерісін — бастапқы техникалық тапсырманы әзірлеуден және қоғамдық кеңістікке өнер туындыларын (паблик-арт) кіріктіруден бастап, жобаны іске асыруға дейінгі кезеңдерді талдады. Bureau 2×2 сарапшылары қала құрылысында күтпеген жағдайлар туындаған кезде жедел шешім қабылдау тәсілдерін үйретті. ALUTECH компаниялар тобы техникалық тұрғыдан күрделі қасбеттік шешімдерді жүзеге асыру жолдарын көрсетті, ал Archisuite бюросы мінсіз кеңсе кеңістігінің тұжырымдамасын әзірледі.
«ARCHICA 2026 Астананың әлемдік сәулет қауымдастығы үшін табиғи тартым орталығына айналып келе жатқанын көрсетті. Біз бір алаңда озық халықаралық тәжірибе мен қалаларымыздың нақты практикалық сұраныстарын тоғыстыра алдық, — дейді ARCHICA халықаралық сәулет платформасының негізін қалаушы әрі жетекшісі Индира Махметова. — Осы екі күннің басты нәтижесі — терең кәсіби диалог қана емес, сонымен қатар Орталық Азия тұрғындарының жайлы өмір сүруіне ықпал ететін жобалар бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілуі».
ARCHICA 2026 форумы шетелдік қонақтар үшін ұйымдастырылған техникалық турлармен аяқталды. Әлемдік деңгейдегі мамандар «Астанагенплан» мекемесіне, Урбанистика орталығына және Halyk Bank-тің жаңа бас кеңсесіне барды. Ұйым өкілдері экскурсиялар өткізіп, соңғы жобаларын, өңір үшін жаңа сәулеттік және урбанистикалық шешімдерді таныстырды, сондай-ақ халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасты.
Форумның бірлескен ұйымдастырушысы Астана қаласының Урбанистика орталығы болды. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС-нің, Ұлыбритания және Нидерланд Корольдігі үкіметтерінің қолдауымен өтті.
Форумның сәулет саласындағы бас серіктесі — Saraiva + Associados компаниясы, стратегиялық серіктесі — GROHE, ал техникалық серіктесі — ALUTECH болды.




