Астана қаласындағы қызылшаның эпидемиологиялық жағдайы айтылды

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде Астана қаласындағы қызылшаның эпидемиологиялық жағдайы және қызылша ауруын төмендету бойынша алдын алу шаралары туралы Астана қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мен Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаеваның қатысуымен  брифинг өткізді.

Елордада биылғы жылы қаңтардың 11 күніне дейін қызылшаның 289 бастапқы және 110 расталған жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында  жағдай — 81. Елордада күн сайын қызылшаның 45-тен 30 жағдайға дейін тіркелуі аздап төмендеуін көрсеткенмен, жағдай әлі де күрделі болып қала береді.

Науқастардың шамамен 79 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмаған азаматтар, бұл аурудың себебі болып табылады. Науқастардың ішінде қызылшаға қарсы вакцинация алғандар тек 5 пайыз, ал вакцинация мәртебесі белгісіз науқастар 16 пайызды құрайды.

Сархат Бейсенованың айтуынша ауырғандар санының өсуінің басты себептерінің бірі-вакцинация деңгейінің жеткіліксіздігі. Әлемдік статистика көрсеткендей, COVID-19 пандемиясы кезінде қызылшаға қарсы вакцинация немесе ревакцинация алмаған халықтың саны артқан. Қызылша өте жұқпалы, яғни таралуы жылдам болуы да маңызды рөл атқарып отыр. Қызылшаның таралуын болдырмау үшін топтық иммунитетінің жалпы көрсеткіші бүкіл халық арасында 85-90 пайыздан кем болмауы керек екен.

2023 жылы  қарашаның  алтыншы жұлдызынан  бастап 6 айдан 10 ай 29 күндік балаларға жаппай вакцинация жүргізіледі және желтоқсан айынан бастап оларға 2-4 жастағы балалар қатары қосылды.

6 қарашадан бастап ағымдағы уақытқа дейін 36,5 пайыз, яғни 44 800 бала екпе алған.  Оның ішінде 6 айдан 10 ай 29 күндік нәрестелер саны – 8710,  2-4 жастағы балалар саны – 25 265, медицина қызметкерлері — 5 126.

Бүгінде  ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес вакцинация алмаған балаларды анықтау жұмыстары жалғасуда. Осылайша, 1 және 6 жаста қызылшаға қарсы егілмеген 7-18 жас аралығындағы анықталған 13 000 баланың 5 692-сі иммунизациямен қамтылған.