«Астана Опера» Ахмет Жұбановтың 120 жылдығын атап өтеді

Қазақстанның музыкалық қауымдастығы айтулы дата – қазақ мәдениетінің заманауи үнін оның тұлғасынсыз елестетуге болмайтын ұлы композитор, дирижер әрі ғалым Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуын атап өтуге дайындалуда. 29 сәуірде «Астана Опера» сахнасында «Өнер тарландары» топтамасы аясында мерейтой иесіне арналған «Ұлт рухының сардары» айтулы концерті өтеді.
Оның есімі музыкалық мәдениеттің жаңа формаларын жасаған ұлы қазақстандық өнер қайраткерлерімен қатар тұрады. А.Жұбанов еліміздегі кәсіби музыкалық білімнің негізін салушылардың біріне айналды әрі ол – тұңғыш қазақ халық аспаптар оркестрін құрушы. Оның ұстаздық кемеңгерлігі жұлдыздар шоғырын тәрбиелеп шығарды, олардың қатарында ұстаздың танымал перзенттері де бар.
Кештің басты оқиғасы – композитордың жанды шығармашылығымен кездесу болмақ. Концерт бағдарламасында опералардан ариялар мен дуэттер, романстар, әндер мен аспаптық миниатюралар ұсынылады. Онда Ахмет Жұбанов Латиф Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» операсынан үзінділер ерекше орын алатыны сөзсіз, өйткені бұл туынды қазақ опера өнерінің символына айналған.
– Бұл бағдарламаның тұжырымдамасы Ахмет Қуанұлының біртуар композитор ретіндегі тұлғасының, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы тақырыбының айналасында құрылды. Сол себепті біз концертке оның сирек орындалатын камералық-вокалдық шығармашылығын және оның қызы Ғазиза Жұбанованың, немересі Әліби Мәмбетовтің, сондай-ақ шөбересі Карина Измайлованың музыкасын қостық, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова. – Ең жарқын нөмірлер жайлы айтатын болсақ, мұнда әрқайсысы өзінше маңызды, өйткені әрбір шығармада өз көркемдік әлемі, өз мінезі, өз ырғағы ашылады. Алайда бір бағдарлама аясында ұлттық музыкалық дәстүрдің қалай сақталатынын және бір уақытта қалай дамитынын естуге болатыны ерекше бағалы жайт. Әлбетте, Ахмет Жұбановтың музыкасы, сондай-ақ оның шығармашыл мұрагерлерінің музыкасы да өте шебер орындаушылық көзқарасты талап етеді. Бұл академиялық ойлау мен қазақи әуеннің айрықша қосындысы, мұнда нота мәтінін дұрыс жеткізу, сөйлемнің ішкі демін, оның табиғи екпінін, ұлттық сарынын сезіну маңызды. Бағдарламаның күрделі тұсы – осында, – деп атап өтті музыкант.

Концертке сопранолар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, сондай-ақ Әсем Сембина, Мәдина Исламова, Сара Садығұлова, тенорлар Саян Исин, Әлихан Зейнолла және тағы басқалары қатысады.
Концерттің аспаптық бөлігіне «Астана Опера» симфониялық оркестрінің жарқын солисі Қаламқас Жұмабаеваның, пианистер Карина Измайлова мен Шахизада Құлсейітованың нөмірлері көрік береді. Қобызшылар Кенжегүл Мұсаева мен Азиза Мұса-Бейсенғұлованың дуэті ерекше назар аударуға тұрарлық өнер көрсету болмақ.
Бағдарламаға жас дарындардың, яғни Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің оқушылары қатысатынын атап өтуіміз керек. Виолончельші Сұлтан Бескембиров (М.Ж.Нарбековтың сыныбы) және құрамында София Тараскина, Александр Пак, Адия Ахметова, Томирис Белгібай (Ә.М.Дәуренбекованың сыныбы) бар фортепианолық дуэттер А.Жұбанов салып кеткен дәстүрлер әлі бар екенін және дамып келе жатқанын дәлелдейді. Кешті «Астана Опера» балалар театр студиясы хорының өнер көрсетуі қорытындылайды (хормейстер – Алтынғаным Ахметова, жетекші – Шырын Ахмеджанова). Фортепиано партиясын Раушан Бескембирова орындайды.
Ахмет Жұбановтың құрметіне орайластырылған мерейтой оның туған күніндегі бір концертпен ғана шектелмейді. 1-2 мамырда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында көрермендерді «Абай» операсы күтеді. Осынау кештерде дирижер тұғырында Ахмет Жұбановтың шөбересі, театрдың бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев жарқын өнер көрсетеді. Ол ұлы композитор шебер бейнелеген ұлттық болмысты музыка арқылы көрермендерге жеткізеді.


